Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етіп, Елбасы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніндегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты . Нұрсұлтан Назарбаев осы ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болғанын, көптеген қиындықты бастан өткерген олар бүгінде біртұтас халыққа айналғанын атап өтті. Қазақстан Президенті ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға арналған лагерьлер салынғанын еске салып, бастан өткерген кезеңдерді Қазақстан халқы әрдайым есте сақтап, бүгінгі күннің қадіріне жете білуі қажеттігін айтты. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының туыстары мен жақындары да қатысып, Елбасымен әңгімелесті.
«Қазақтың бетке ұстар азаматтары, қазақты басқарып отырған азаматтардың барлығы жойылды, тамырына балта шабылды. Міне, осындай сұмдық қиыншылдықтан өткен халықпыз. Осы жерде он жыл бұрын екерткішті, музейді сал деп мен тапсырма берген едім. Қазір көп халық келіп, аралап, көріп, болған зұлматты біледі. Бұны жасап отырған себебіміз - еш уақытта бұндай зұлымдық болмасын деген сөз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.