|
05.03.2018 | 20:40
2531

Елбасы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған 5 түрлі бастаманы ұсынды

Елбасы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған 5 түрлі бастаманы ұсынды

Жарлыдай жосып, баспанасыз босып, сарыла кезегін тосып жүргендер жаппай баспаналы болмақ. Парламенттің қос палатасын жедел жиып, жиын өткізген Елбасы жаңа бағдарлама туралы айтты. Бұдан былай, үйсіз жүргендер 7 пайызбен 25 жылға пәтер ала алады. Үкімет пен банк бірлесіп, басқаның босағасын сығалап жүргендерге осылайша жағдай жасамақ. Президент парламенттің бірлескен отырысында нақты 5 әлеуметтік ұсыныс жасады.

Бірнеше күннен бері қос палатаның мұндай бас қосуын түрлі бағытқа топшылаған азаматтар алқалы жиынның Президент қатысуымен өтетінін күтпеген сынды. Тай-тұяғы қалмай жиналған шенділер тек мұқият тыңдап отырды. Сағат 12-де басталған отырыс 1 сағатқа созылды. Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік» бастамасы атты халыққа үндеуін жариялады. Сөз басын көктемнің алғышқы мерекесі - Алғыс айту күнінен бастады. Қилы заманды бастан кешірген қиын-қыстау кезеңдерді есіне алды.

«Тауар вагодарымен, лек-легімен Солтүстік Бастыстан, Волгадан алып келген өңкей босқындарды алып келіп, айдалаға тастап,  әр үйге тықпалап, бала-шағаларымен қабылдағанбыз. Соның бірі - менің әкемнің жанұясы болатын. Білесіздер. Өздері келген жұрт этностар, көңілін бөліп, ризашылығын бөліп айтқаны, қазіргі ұрпаққа ата-аналарына берген өсиеті деп санаймын. Ол үшін барлығына рахмет айтқан жөн болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент ең алдымен тұрғын үй мәселесіне тоқталды. Жыл сайын зәулім ғимараттар тұрғызылып жатқанмен оның әлі жетіспейтініне тоқталды. Баспанасы басты мәселеге айналған елдің мәселесі шешіледі, деді. Сондықтан жаңа «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Ал алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін ипотекалық несиенің пайыздық көрсеткішін де төмендету қажет екенін қадап айтты.

«7-20-25» бағдарламасы арқылы қайталайын, ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 проценттен аспайтын. Бастапқы жарнасы 20 пайызға дейін, мерзімі 25 жылға дейін болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кезекті бағыт төмен жалақы алатындардың жағдайына қатысты. Айлықты өсіру үшін белгіленген салық жүктемесін келер жылдан бастап 10 есеге азайту керек, деді. Демек, 2019 жылдан бастап ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындардың жеке табыс салығы 1 пайызды құрайтын болады. Елбасы осы тұста жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау қажеттігін ұмытқан жоқ. Биыл бөлінген 54 мың білім грантына қосымша 20 мың грант бөлуді, сондай-ақ жатақхана жетіспеушілігін жоюды тапсырды.

«2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 25 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Төртінші: бизнеске бағытталды. Елбасы шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсету аясын кеңейтуді ұсынды. Яғни, шағын несие беру ұлғаяды. Бұл өз кезегінде өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған әрі, жұмыссыз жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуларына мүмкіндік туғызады.

«Қазақстандықтарға берілетін шағын несиенің былтырмен салыстырғанда 20 мрлд теңгеге көбейтуді тапсырамын. Сонда оның жалпы сомасы жылына 22 млрд болады.Нәтижесінде, несие алып, өз ісін бастайтын азаматтардың саны былтырғыдан екі есеге артып, 14 мыңға жететін болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы бағытта ел өңірлерін газбен қамтуға ерекше көңіл бөлген. Әрі, оның 1,5 жыл ішінде шешімін табу керек екенін баса айтты. Белгілі болғандай, алғашқы табиғи отын құбырларын жүргізу жұмыстары алдымен Қызылорда облысындағы Қараөзектен бастау алып, Жезқазған,Қарағанды, Теміртау және Астана бағытында іске асады. Мемлекет басшысы Ұлттық банкпен Үкіметке осы тапсырмаларды тездетіп іске асыруды тапсырды. Ал қос палата өкілдеріне заңдық тұрғыда ұсыныстардың шешім табуын қарастыруды міндеттеді.


Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир