Елбасы Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерімен кездесті

15.08.2017 16:31

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерімен кездесті. Ақорда төрінде өткен жиынға Армения, Беларусь, Қырғыз Республикаларының примьер-министрлері және Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев пен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының басшысы Тигран Саркисян қатысты. Президент бұл кездесу бас қаламыз Астанада өтіп жатқан EXPO Халықаралық көрмесімен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, кеңестің маңыздылығына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін дұрыс бағытта келе жатқандықтарын жеткізіп, бұл басқосу ел экономикасының қарыштап дамуына оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

«Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші жыл жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Бұл кезең әлемдегі және одаққа мүше елдердің ұлттық экономикасындағы күрделі ахуалдарға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, ортақ нарық пен бірыңғай экономикалық құрылым құру басты фактор болып саналады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Осыдан кейін елбасы Ресей Үкіметінің басшысымен оңашада жүздесті.  Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі экономикалық ахуал кезінде мұндай басқосулардың маңыздылығын атап өтті. Ал Дмитрий Медведев Қазақстан президентіне  Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетіндігіне шүбә келтірмеді. EXPO-2017 шарасын өткізіп отырған достас қазақ елінің жетістігіне қуанышты екенін де жеткізді.