Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев терроризммен күресті үшінші дүниежүзілік соғысқа теңеді. Өйткені, халықаралық терроризм шекара талғамай, жер шарының кез келген түкпірін жойқын соққының нысанына айналдырып жіберуі мүмкін. Бұл туралы елбасы astana club пікірталас клубының отырысында мәлімдеді. Ал, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері үшін 2015-ші жыл ең ауыр жыл болған. Өйткені, 731 шабуыл жасалыпты. Әлгі ұйымға мүше 34 елдің 21-де лаңкестік әрекет тіркелген.
«Үшінші мыңжылдық басталғалы бері теракт саны, қаза тапқандар саны сияқты 10 есеге өсті. 2016 жылы әлемнің 104 елінде теракті болды. Бұл әлемнің жартысынан астамы, яғни географиясы мен ауқымы жағынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғысты бастан кешіп жатырмыз. Террорлық актілерге қарсы соғыста жүрміз. Ислам атын жамылған ағымдар көптеген елдің аумағына еніп, өз ықпалын тарату аймағын кеңейтуде»,-деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.