Биыл елімізде амбулаторлық деңгейде тегін дәрілерге қолжетімділік артты

16.04.2018 16:15

Биыл елімізде амбулаторлық деңгейде тегін дәрілерге қолжетімділік артты. Осы жылы 3 миллион 800 мың науқас 128 миллиард теңгеге қамтамасыз етіледі. Алайда, мемлекеттен тегін берілетін препараттар сатылып жатқаны анықталған. Қазір осыған байланысты медициналық мекемелерде жаппай тексеру жүргізілуде. Одан бөлек, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында қызметтер тізімі тағы бір мәрте қаралып жатыр. Қазір қызметтер тізімін бөлінген ақшаға қарай реттеу міндеті қойылған. Онда не өзгеруі мүмкін? Қандай қызмет түрлері сақталып, ел азаматтары қайсысына өз қаржысын жұмсайды? Осы сауалдарға жауап алу үшін біз Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеуxан Әбілдаевпен тікелей байланысқа шықпақпыз.

- Тілеухан Шілдебайұлы, қайырлы кеш! Тегін медициналық кепілдендірілген пакет деген не? Бұл тізімге нақты қандай-қандай қызмет түрлері кіреді?

-Қайырлы кеш Өмір! Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі дегеніміз - біздің Қазақстанда барлық тұрғындарға кепілді түрде мемлекеттің тарапынан көрсетілетін медициналық көмектің түрлері. Міне, бұл көмектің түрлері биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап қазақстандықтардан бөлек, Қазақстанда тұруға ықтияр хаты бар шетелдіктерге де бұл кепілді көмектің түрлері көрсетіле бастады. Жалпы бұл кепілді көмектің түрлеріне санитарлық авиациялық көмектің түрлері, жедел жәрдем медициналық көмектің түрлері, стационарлық, стационарды алмастыратын медицинаның түрлері, жоғары медициналық көмектің түрлері, мысалы, күрделі кардиохирургиялық операциялар. Күрделі суставтарды эндопротездермен алмастыратын операциялар. Және органдарды трансплантациялау операциялары бүгінгі таңдарда кіреді. Міне, осының бәрі бүгінгі таңда біздің қазақстандық тұрғындарға және ықтияр хаты бар Қазақстанда тұруға рұқсат етілген шетелдік азаматтарға мемлекет тарапынан кепілді түрде тегін көрсетілетін бюджеттің есебінен көмектің түрлері болып саналады.

-Елбасы биылғы Жолдауында осы пакетті оңтайландыру қажеттігін айтқан болатын. Оның себебі неде?

-Бүгінгі таңда Жолдауда бұл көмектің құрылымын қайта қарау және қымбат стационарлық көмектің түрлерінен гөрі емханалық көмектің түрлеріне тиімді және шығынды аз жұмсайтын көмектің түрлеріне көшіру мәселесі және жалпылай диспансерлік көмектен гөрі созылмалы ауруларды басқару, оларды басқару арқылы олардың өмірін, сапасын көтеру және бұл ауруларды емделуін, олардан болатын әр түрлі қиын жағдайларды азайту мәселесі тапсырылған болатын. Бүгінгі таңда бұл медицинаның бір деңгейде қалып тұрған жоқ. Мысалы, 10 шақты жылдың ішінде біздің Қазақстанда медицинаның даму деңгейі өте қарқынды деңгейде өсіп келеді. Мысалы, бұған шетелден алынып жатқан жоғары технологиялық құрылғылар, оларға керекті материалдар қымбат дәрежеде тұрады. Сондықтан медицинада көрсетіліп жатқан қызметтің түрлері бүгінде мұның ақысы жағынан көтеріліп келеді. Бұдан бөлек, соңғы уақыттарда әлемде жаңа дәрі-дәрмектің түрлері шыға бастады. Мысалы, антибиотиктермен емдеген кезде біздің халқымызда қалыптасып келе жатқан осы антибиотиктерге бейімделіп кеткен микроорганизмнің түрлері көбейе бастады. Міне, соған байланысты жаңа антибиотиктерді зеңді емдейтін басқа да медициналық препараттарды алуға тура келді. Бұл препараттардың құны бүгінгі таңда өте жоғары. Мысалы, онкологияда бүгінгі таңда онкологиялық клеткаларға тікелей әсер ететін таргеттік препараттар пайда болды. Міне, Қазақстанда бұл препараттарды алу біздің ауруларға мүмкіндік туды. Бірақ бұл дәрілердің, бұл препараттардың құны өте қымбат екенін атап өткен жөн. Ал мына медициналық көмектің мемлекет тарапынан кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету үшін қаржылардың сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Міне, сондықтан бұл кепілді көлемнің бүгінде қайтадан қарап шығу, оның құрылымын өзгерту, бұлардың ішіндегі мемлекет тарапынан кепілді медициналық көмектің тізімін қайта қарап шығуға бүгінде үлкен қажеттілік туындап отыр. Міне, осы қажеттіліктің мағынасында біздің денсаулық сақтау саласына осындай бағыт, тапсырма берілді деп есептеймін.

-Тегін кепілдендірілген медициналық пакетін қайта қарау барысында қандай мәселелерге ден қойған жөн?

-Бұл жерде екі мәселеге тоқталып өткен жөн. Бұл мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмектің бұл қоғамның игілігі. Қоғамның игілігі болғаннан кейін, бұл көмектің көлемінің ішінде қандай медициналық көмектің түрлері қалуы керек? Қандай медициналық көмектің түрлері алынып тасталуы керек? Бұл күрделі мәселе. Сондықтан мұны тиісті эксперттермен, өте жоғары дәрежелі дәрігерлермен, медициналық қауымдастықпен, керек болатын болса, қоғамның белсенді өкілдерімен ақылдаса отырып шешкен дұрыс. Бұл этикалық жағынан қарағанда. Ал енді этикалық жағынан қарағанда, мысалы, бүгінгі таңда осы мемлекет тарапынан кепілдендірілген медицианлық көмектің көлемін анықтайтын құжат бүгінгі таңда бар болғаны төрт парақтан тұрады. Ал бұл дамыған елдердің тәжірибесінде том-томнан тұратын да, осындай медициналық көмектің көлемін нақтылап көрсететін әрбір аурудың тізімін көрсететін, қай аурудың осы кепілді көлеміне, қай аурудың басқа қаржылардың есебінен көрсетілетін тізімнің көлемінде көрсетілетіні нақтыланған. Бізде де Қазақстанда қарапайым адамдар  өзіміздің дәрігерлер де дұрыс түсіну үшін керек болатын болса, бұл бір үлкен қалың кітап болатын болса, сондай құжатты дайындауға бүгінгі таңда қажеттілік туындап отыр. Себебі кепілді медициналық көмектің көлеміне қандай ауруларды емдеу енгені туралы қарапайым адамға түсіну өте қиын. Оның құрылымын да қайта қарау керек болатын болса, барлық нақты аурулары көрсетілген. Қандай ауруларда кепілді медициналық көмек көрсетілген жағдайын білу үшін бүгінгі таңда осындай нақтыланған құжаттың тиісті дәрежеде қабылдануы бұл ертең Үкімет тарапынан қаулымен қабылданса, басқа да құжатпен қабылданса, бұл қаулыны орындайтын төменірек сатыдағы денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолданылатын бұйрықпен қабылданса да, осындай нақты халыққа түсінікті, қай бір жағдайда да оны қараған кезде керекті маман да, жай қарапайым адам да түсінетін құжаттың бүгін туғаны анық.

- Тілеухан Шілдебайұлы, бізге уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.