Елімізде 20 мың адам АИТВ дертіне шалдыққан

05.02.2018 17:25

АИТВ дерті экономика деңгейі мен бизнесті жүргізуге әсер етпейді. Онымен өмір сүретін адамдар сау адамдар секілді құқыққа ие, оларды жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Алматы өңірлік коммуниуациялар қызметіне жиналған сала мамандары осылай, деді. Қазір қауіпті инфекцияны жұқтырған адамдар толыққанды өмір сүріп, тіпті сау баланы дүниеге әкеле алады екен. Мемлекеттік көмектің арқасында адам организміндегі вирустардың көбеюін баяулататын антиретровирустық препараттар тегін беріледі. Тек бұл инфекцияның қандай жолдармен жұғатынын қаперде сақтаған дұрыс.

«АИТВ инфекциясы кәсіпті жүргізуге ешқандай зиян келтірмейді. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Қазір мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмектің арқасында бұл азаматтар санаты АРТ препараттарымен қамтамасыз етілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, азаматтар арасындағы түсіндіру жұмысы көлемін 90 пайызға жеткізуіміз қажет. Бұл көрсеткіш елімізде 80 пайыздан аспай отыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың директоры Бауыржан БАЙСЕРКИН.

Сала мамандарының айтуынша, қазір дүниежүзінде шамамен 42 миллион адам АИТВ-мен өмір сүрсе, елімізде 20 мың адам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атқарған іс-шараларының нәтижесінде осы кеселден көз жұматындар саны аз да болса төмендеген.


Теги: ВИЧ АИТВ