|
06.07.2018 | 11:40
2287

Елімізде «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлер беріле бастады

Елімізде «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлер беріле бастады

Қазақстандықтарды жаппай тұрғын үймен қамту үшін іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы ипотекалық несие берілді. Жаңа бағдарламамен көптен күткен пәтеріне Алматының 25 жастағы тұрғыны қол жеткізді. «7-20-25» пен үй алу расымен жеңіл ме және шарттары қандай? 

Алматыға қоныс аударғалы өзгенің үйін жалдап, жиған-тергенінің жартысын ай сайынғы пәтер ақысына жырып берген Нарбота Бақытхан баспаналы болуды талайдан бері арман етеді. Ал биыл қолға алынған мемлекеттік «7-20-25» бағдаламасы бойжеткеннің кеудесіне үміт отын жағады. Ол аталмыш жоба туралы естіген бойда тірнектеп тапқан есепшоттағы қаржысын еселеп, қалауындағы үйін іздеуге кіріседі. Осылайша 13 миллион 600 мың теңгеге 1 бөлмелі пәтер алуға бел буып, бағдарламаға қатысушы банктің біріне өтініш білдірген. Бүгін қаржы ұйымы жаңа бағдарламаға бірінші болып қатысқан қазақстандықтың өтінішін қанағаттандырып, ипотекалық несие берді.

Банк келісім берген бойда Нарбота бірден қалаған пәтерін сатып алды. Енді біраз күнде мұнда қоныс тойын тойлайды. Бойжеткен несие алмас бұрын банкке сатып алатын тұрғын үй құнының бастапқы 20 пайыз жарнасын, яғни 2 миллион 800 мың теңгесін құйған. Ал қалған қаржыны енді жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен 20 жыл бөліп төлейді. Несие алушының өзі ешқандай артық комиссиясыз және қосымша ақысыз ай сайын бөліп төлеуге мүмкіндік беретін бағдарлама ыңғайлы екенін айтады.

«Өте қуаныштымын! Мен университет бітіргеннен кейін Алматыда пәтер жалдап тұрдым. Бір бөлмелі пәтерді 70-80 мың теңгеге жалдадым. Ал қазір дәл сондай соманы өзімнің үйіме құйып жатырмын. Бұйырса біраз жылдан кейін ертерек жабамын деп ойлаймын, сосын үй өз басымда қалады», - деді Нарбота БАҚЫТХАН.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша отандастарымыздан несие алуға өтініш қабылдау кеше басталған болатын. Содан бері 7 азамат қаржы ұйымдарына арыз жазыпты. Ал, бағдарламаның жүзеге асуын қадағалайтын "Баспана" ипотекалық ұйымының мобильдік қосымшалары мен колл-орталықтарына бүгінге дейін 3000-нан астам адам сауал жолдаған. Жалпы, жаңа жоба аясында баспана алуға ниеттілер саны жағынан Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалалары көш бастап тұр. Несиелерді серіктес 7 банктен алуға болады.

«Серіктес банктер - ол «Банкцентркедит», «Еуразиялық банк», «АТФ Банк», «Цеснабанк», «Халық банк», «RBK банк» және Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» бағдарламасына қосылды. Несие алу үшін өзіңізге үй тапқаннан кейін банкке барып, қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Елбасының тапсырмасы бойынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңгеге ипотекалық несие беріледі», – деді «Баспана ИК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат АЛТЫНБЕКОВ.

«7-20-25» бағдарламасымен несие алуға басында мүлкі жоқ, тұрақты табысы бар әр қазақстандық қатыса алады. Тіпті, отбасы мүшелерінің бірінде баспана болса да, ипотека алуға өтініш берген адам пәтер ала алады. Бастысы оның табысы мен төлем қабілетіне қатаң назар аударылады. Кредиттің ең ұзақ мерзімі 25 жыл. Бірақ бұл уақыттан ерте өтейтіндерге еш шектеу жоқ.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

7-20-25
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир