Елімізде кәсіпкерлер тапқан табысын енді жасыра алмайды

Елімізде кәсіпкерлер тапқан табысын енді жасыра алмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

    Тапқан табысыңызды жасыра алмайсыз! Бұл бизнесмендерге айтылған құлаққағыс! Алматының Медеу ауданында 17 кәсіпкер арнайы техникамен жұмыс істеп, қомақты қаржыға көрсетіп келген қызметін жасырған. Сәйкесінше, салық төлеуден де жалтарды деген сөз. 

Бес жылдан бері Болат Жұмықов құрылысқа қажетті материалдарды алып-сату әрі оны жеткізу жұмыстарымен айналысып келеді. Алайда, бизнесмен бар тапқан табысын жасырып келіпті. Жеке кәсіпкер кірістер департаментіне нәпақасының небәрі «2 пайызын төлеуді тіпті білмедім»,-дейді. Мұндай заңның бар екенін, тілшілердің көзінше шенділерден естіп аң-таң күйде болды. Заңды белшеден басқанын мойындаған ол ертең-ақ барып тіркелетіндігін алға тартты.

    «Бұл біреудің жері болған соң, тұра тұрайық деп сұрадық. Осы уақытқа дейін салық ешкім сұраған жоқ. Енді төлейміз бұйырса», - деді  кәсіпкер Болат ЖҰМЫҚОВ. 

Бір қызығы, бұл жер телімінің иесі 10-ға жуық азаматқа тегін көлік тұрағын пайдалануға беріп қойған. Мұндай  "жомарт жан" тексерістің келгенін біле тұра, жеке мүлкінің алда-жалда тәркіленіп кететіндігіне алаңдамады. Осылайша, бір күннің ішінде  Алматының Медеу ауданында 17 кәсіпкердің заңсыз жұмыс істеп жатқандығы анықталды. Құзырлылар оларға осы жолы тек ескертумен шектелді. 10 күннің ішінде бизнесінің бар екенін тіркемесе, 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, кәсібіне пайдаланып жүрген мүлкі тәркіленеді. Бүгінде арнайы техникамен 237 заңды тұлға жұмыс істеуде. 

«Біз осындай арнайы техникамен қызмет көрсететін 45 жеке тұлғаны салық органына тіркедік. Бюджетке 7 миллионнан астам қаржы түсті», - деді МКД Медеу ауданы басқарма басшысының басқарма орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.

 

Ал, Медеу ауданындағы бас-аяғы тіркелген 12 мың кәсіпкерден жыл басынан бері 10 миллиард теңге салық түскен. Әйтсе де, жалған кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 17 азамат  қазынаға  қаржы құюдан қашқақтап жүрген. Олардың басым бөлігі, құрылыс және сауда-саттық саласында болыпты.  

Әйкерім Ердәулетқызы,  Рашид Шүкірәлиев, «Алматы»телеарнасы


Новости партнеров