Контрабандалық жолмен келетін зергерлік бұйымдар, бұл тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Азия мен Еуропаның кез-келген елінде әшекей бұйымдарды көлеңкелі бизнеске айналдырғандар жетіп артылады. Елімізде зергерлік бұйымдардың 95 пайызы жалған сынамамен сатылып жатыр екен. Алтын-күміс әшекейлерді шетелден таситындардың тек 10 пайызы ғана баж салығын төлеп, экономикаға пайда әкелуде. «Біздің отандық зергерлердің бұйымдары контрабандалық жолмен келетін әшекейлердің көлеңкесінде қалып қойды. Қазір Қазақстан нарығында сатылып жатқан алтын бұйымдардың 95% контрабандалық өнім, 3% шетелден заңды түрде әкелінгендер, ал қалған 1-2% біздің жергілікті өндірушілердің өнімі болып табылады. Бұл туралы біз тек шамамен болжап қана айтып отырмыз. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері зергерлік өнеркәсібіміз мүлдем талданбаған, кәсіби зерттеу жүргізілмеген»,-деді Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы, Қайсар ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Еліміздегі сауда орындары мен қара базарларда ашық сатылып жатқан көздің жауын аларлық алтын-күмістер, Түркия мен Қытайда шығарылған. Олардың көпшілігінің сапалары көрсетілген сынамасына сай емес дейді мамандар. Айтуларынша, егер Түркияның алтын базарынан бағалы металл алсаңыз, қалаған сынама белгіңізді қойып береді екен. Тіпті, өндіруші елді де қалауыңызша жаздырып алуға мүмкіндік бар.
Осындай көзбояушылық салдарынан, отандық әшекей өндірушілер заңсыз сауда жасағыштармен бәсекелесе алмай отыр. Расында да, контрабандалық өнімдер шынайы алтыннан бірнеше есе арзан. Зергерлер бұл мәселені түбегейлі шешу үшін, талай жылдан бері қызылкеңірдек болып келеді. Тіпті Президент әкімшілігі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне де заңсыз әшекей бұйым саудасына тосқауыл қоюды сұрап, хат жолдапты. Атап айтқанда, Кедендік бекетте бағалы бұйымдарды тексеруді күшейтіп, арнайы екі бақылау орнын ашуды сұраған. Әрі, әшекейлерді сынайтын жекеменшік зертханалардың ашылуына тыйым салу, Қазақстандағы алтын саудасымен айналысатындардың барлығын арнайы есепке алу ұсынылған. «Мемлекет контрабанданы тыймайынша, зергерлік индустрияны дамыту туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Негізінде біз мемлекеттің қолдауына мұқтаж емеспіз. Бірақ шеттен әкелінетін сапасыз, жалған әшекей бұйымдар отандық зергерлердің көтерілуіне мүмкіндік бермей отыр. Мысалы, алтынның нарықтық бағасының граммы 12 мың теңге болса, неге біздің саудагерлер оның грамын 8-5 мың теңге төңірегінде сатады. Демек, шын мәнінде бұл алтын емес деген сөз. Біздің осындай шағымдарымыздан соң, жалған бұйым сататын алыпсатарлар тексерілген болатын»,-деді Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы, Қайсар ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Дегенмен, тексеріс Қазақстанның барлық жерінде жүргізілмей, тек кей қалалар мен өңірлерін қамтыған. Оның нәтижесі туралы біздің сауалымызға Алматы облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментіндегілер ғана жауап қатты. Мамандар таңбаланбаған заңсыз зергерлік бұйымдарды сатқаны үшін Алматы облысының 15 кәсіпкеріне 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салыпты. «22 жоспардан тыс зергерлік бұйымдарды сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлерге тексерістер жүргізілді. Қазақстан Республикасының түтіктің таңбасының болмағандығы, барыстың басы түртіндісінің суреті болмағандығы анықталды. Тексеріс нәтижелері бойынша ортақ соммасы 21 млн 638 мың 695 теңгеге тең өнімнің 697 партиясының жүзеге асуына тйымы салынды біздің департаментпен»,-деді ҚР ИДМ «Техникалық реттеу және метрология комитетінің алматы облысы бойынша департаментінің» бөлім басшысы, Қатипа ЖҰМАНОВА.
Бақылаушылар Алматыдағы ресми зергерлік шеберханаларды да теріс айналып өтпеген. Дегенмен, қаладағы базарларда тексерістің жүрген-жүрмегені және қанша алыпсатардың жауапқа тартылғаны әзірге белгісіз. Алтын-күміс саудалайтын бұл шағын дүкендегілер мемлекеттік орган қызметкерлерінің келуіне әбден үйреніп қалған. Сондықтан, әрдайым тексеріске тас-түйін дайын отырады екен. Қожайыны қорқатын түгім жоқ дейді. Өйткені, кәсіпкердің алтын саудасымен заңды түрде айналысқанына жиырма жылдан асыпты. Барлық әшекейлері дәл осы жерде жасалынып сатылады. Кәсіпкер шығынға батпау үшін, көбіне қалталы азаматтардың тапсырысын орындайды екен. «Тұтынушылар ең бірінші әшекейдің сынамасына назар аударады. Біз оларға бұйымдағы өз таңбамызды көрсетіп, оның сапасына көздерін жеткіземіз. Яғни, әшекей бұйым осы шеберханада қолдан жасалғанына сендіреміз. Сондай-ақ, сынама палатасынан өнімнің таза, сапалы металлдан жасалғанын растайтын құжатымызды ұсынамыз. Бұрын адамдар әшекейді тек дүкендерден алатын. Қазір базарлардан ала салуды жөн көреді. Бірақ, қазір патент алып, зергерлік бұйымдар саудасымен екінің бірі айналысып жатыр. Ал, тауарлары көңілге күдік ұялатады»,-деді Зергерлік дүкеннің иесі, Светлана ЧУСОВИТИНА.
Бүгінде зергерлер лигасында әшекейлерді заңды түрде шығарып, сататын 38 кәсіпкер тіркеуде тұр. Бұл өте аз көрсеткіш. Бизнесмендер салық төлеуден бөлек, Сынама палатасынан бір бұйымына таңба салу үшін 135 теңге төлейді екен. Осыдан қашқандары бағалы металдар саудасымен заңсыз айналысқанды жөн көреді.
Нағыз зергерлік бұйымдарды өтірігінен ажырату өте қиын. Қазіргі заңға сәйкес ел аумағында өндірілген зергерлік бұйымдарда барыстың басының суреті мен «KZ» белгісі міндетті түрде болуы қажет. Бірақ, кемшілігі әшекейлерді таңбалайтын барыстың суретінің бекітілген бірыңғай стандарты жоқ. Яғни, дәл өлшемі, сантиметрі, тіпті миллиметрі болуы қажет деп дабыл қағуда сала мамандары. Әйтпесе, кім көрінген барыстың басын өздігімен бейнелей салып-ақ, оңай олжаға батады екен.
Дегенмен, Техникалық реттеу және метрология комитетіндегілер еліміздегі сынама қоятын екі зертханада «Барыстың басы» символының белгіленген бедері, уәкілетті ұйымдар коды егжей-тегжейлі көрсетілген деп сендірді. Бірақ, зергерлер қазір емін-еркін сатылып жатқан бұйымдардың барлығында заң табалына сай барыс бейнесінің жоқтығына қапалы. Бұл мәселені шешу үшін олар 30-дан астам ұсыныс енгізілген, "жол картасын" әзірлепті. Алайда, құжат ресми түрде қабылданған жоқ. Демек, "Қазақстанның зергерлік өнеркәсібінде контрабандалық өнімдерге түбегейлі тосқауыл қойылады" деп айтудың ауылы әлі алыста жатыр. Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін