Алматыда көшедегі қарды күрейтін жұмысшылар саны екі есе көбейді

Алматыда көшедегі қарды күрейтін жұмысшылар саны екі есе көбейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көшедегі қарды күрейтін жұмысшылар саны Алматыда екі есе көбейді. Соңғы бес күннен бері жауған қардың қалыңдығы 25 см жетті. Қала көшелерін ақұлпадан тазартуға коммуналдық мекеменің барлық техникасы тартылды.  

Жапалақтаған қармен жарыса жұмыс істеп, жанұясын көрмей жүрген жігіттің бірі Ерлан. Бригадасымен бірге күніне  кемінде 15 камаз қарды техниканың күрегіне жинап береді.

«Өзіміздің қаламыз үшін еңбектеніп жатырмыз. Таза болғаны өзімізге жақсы. Қиыншылықтар болады. Мына жол бойына машина қойып кетеді. Халық сол бір тәртіпке шақырылса», - деді «Алматы тазалық» МКК жұмысшысы Ерлан ДОСҚАЛИЕВ.

Соңғы күндері жауған қардың қалыңдығы қала ішінде 25 см жеткен. Жұмысшылар көшелерді ақұлпадан арылтуға барынша тырысып-ақ жатыр. Бірақ жол бойына ретсіз қаңтарылған көліктер швейцариялық техниканың жүріп өтуі түгіл қол күрек пен жұмыс жасауға да мұрша бермейді.

«Құны бір миллион еуро тұратын техника негізінен әуежайдағы ұшақ жолдарына бола шығарылған. Себебі, қар басқан жерді бірден қара жолға айналдырады. Бір сәтте қарды күреп, сыпырып, тұзы бар еріткіштерді себе алады. Әдеттегі көше тазалайтын үш камаздың жолын осындай бір техника жүріп өтсе жетеді. Бірақ жолдың бойын қойып кеткен көліктердің көптігінен жарты жол жөнді тазаланбай қалып жатыр», - деді "Алматы тазалық" МКК жұмысшысы Ринат ҚАМЗИН.  

Қайтадан қар жауып қалмаса, көшені дереу кеңейтеміз, дейді жігіттер. Қала жолдарының жартысын «Алматы тазалық» мемлекеттік мекемесі тазаласа, қалғаны тендр бойынша 14 компанияға тиесілі. Жалпы тазалыққа 600 ден астам техника тартылып жатыр.

«Сағат 7:00 ақпарат бойынша осы соңғы тәулікте 9 900 текше метр қар шығарылды. Барлығы осы соңғы күндерді алсақ 27 мың текше метр қар шығарылды. Мың жарым болатын, осы жылы 50 пайызға көбейтіп, 2700 адамға жеткіздік», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы  Айжан КЕНЖЕБЕКОВА.

Техникамен тасып тауыса алмай жатқан көше қары кешке-таңертең көлік кептелісін көбейтіп, жылдам жүре алмаған жұрттың жүйкесіне де тиген. Бірақ қардың қалың жаууы жұқпалы вирустардың жойылуына жақсы екен. 

Қармен бірге қалаға тыныштық келеді. Жаңа жауған қар у-шуды тұншықтырып, ағзаны таксиндерден тазартады екен. Сондай-ақ шаршаған миды қалыпқа келтіреді. Қыстыгүні оттегі 30 пайызға көбейеді, дейді. Ал косметолг мамандар ақ ұлпамен, таудың қарымен бетті былай жуатын болса қартаюға кедергі келтіреді екен. Сондықтан қала қардан тазармады демей, таза ауамен барынша тыныстап қалуға тырысу керек.


Новости партнеров