Еліміздегі мектептерде «Қоғам және дін» пәні енгізіледі

28.04.2018 в 00:11

Оқу жылынан бастап үшінші, алтыншы, сегізінші сынып оқушылары жаңа оқулықтармен білім алады. Қазір 1, 2 ,5 және 7-ші сынып оқушылары былтырдан бері жаңа пәндік кітаптармен оқып жатыр. Сол кезде кітап мазмұнындағы тапсырмалар төңірегінде қоғам арасында түрлі пікірлер қалыптасқан еді. Ал биыл жауаптылар олқылықтың алдын алу үшін қоғаммен кері байланыс орнатыпты. Комиссия қатарына блогерлер мен журналистер және тіл мамандары тартылған. Тақырыпты толығырақ менің әріптесім Азамат Әуезхан тарқатып бермек.

-Азамат «қыргүйек» па, әлде қыркүйек деп жазған дұрыс па? Жаңа оқулықта бірқатар сөздер мен терминдер өзгеріске ұшырапты.

- Қалай айтса да қате емес. Ата-аналар мен оқушылардың көзі үйреніп, тілі жаттыққанша екі нұсқа да дұрыс. Бұл менің пікірім емес, сала мамандарының келтірген мысалдары.

Жаңа пәндік оқулықтарды оқушылар мен ата-аналар осы оқу жылынан бастап сынап көреді. Ішінде «пиар», «лайк» сөздері кездеседі, дейді лингвистер. Оны тәлімгерлер «желілік әдеп» тақырыбы бойынша өтетін болады. Оқулықтар еліміздің 30 мектебінде сынақтан өткен. Сарапшылардың ұсыныстары да ескерілген.

«Оқулықтар ғылыми-педагогикалық, қоғамдық бақылау сараптамасын ескеріп түзетілді. Пәндік комиссияның пікірлерін де, апробация кезіндегі ұсыныстарды да ескердік. Сонымен қатар, тарихымызда алғаш рет еліміздің барлық аймағында талқылауға салдық», - деді ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбітгүл КӘРІМОВА.

160 кітап авторлары өңірлерге барып, мұғалімдермен кездесіп, өз еңбектерін түсіндірді. Жаңа кітаптарға бағасын қоғам белсенділері мен тілшілер де берді. Айтар ұсыныстары да бар екен. Айта кетейік, сарапшылар баспаханаға берілген 220 оқулықтың  138-ін мақұлдапты.

«Міндетті түрде талқылау мен сын пікірлер болады. Біздің қоғамымыз солай құрылған. Бірақ менің ойымша, мен қарап шыққан оқулықтар өзгелерімен салыстырғанда әлдеқайда түсінікті. Мысалдары мен тапсырмалары да ыңғайлы. Әрине, тілге қатысты алынған сәтті емес мысалдары да кездеседі», - деді  Ақпараттық порталдың бас редакторы Михаил ДОРОФЕЕВ.

Қазақ тілді мектептерге арналған оқулық бойынша оқушылар енді үйренген сөздерін басқаша жазуға тура келеді. Мысалы, машина-мәшине, көкөніс-көгөніс, банка-бәнкі, майка-мәйкі, қыркүйек-қыргүйек болып өзгертілген. Тіл мамандары мұны орфографиялық сөздікке сүйеніп жасапты. Оның үстіне сөздерді бұлай өзгерту тіліміздегі алғашқы тәжірибе емес. Мысал ретінде кәмпит, бәтеңке, самаурын, сөздерін алуға болады. 

«Қазақ тіліндегі орфографиялық нормаға сәйкес, көптеген орыс сөздері игеріліп, жазылуда ерекше қазақтың орфографиясына сындырылып жазылды. Мысалы, сол мәшине, банкі, кәстөм секілді сөздер 2005 жылдан бері орфографиялық сөздіктерде жүр», - деді   А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар ФАЗЫЛЖАНОВА.

Кей терминдер «ауылшаруашылығы», «сушаруашылығы» секілді сөздер де енді бірігіп жазылады. Дегенмен тіл мамандары екі нұсқаны да жазу қате емес дегенді алға тартуда. Оқушылар мен ата-аналардың көзі үйренгенше, әрине. Бірақ оның қашанға созылары әзірге белгісіз. Ал лингвистер болса, бұл өзгерістердің ең алдымен патриоттық сезімді, тілге деген құрметті арттыру үшін жасалып жатқан шара дегенді алға тартуда.

«Ең алдымен мен осыған баса назар аударса екен деймін. Егер сын айтылып жатса, осы тараптағы сынды қатты ескеру керек. Яғни, ұлттық мазмұн оқулықтардағы бұрқырап тұруы керек. Иісі аңқып тұруы керек», - деді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар ФАЗЫЛЖАНОВА.

Енді оқулықтар әр төрт жыл сайын қайта шығарылмайтын болды. Тек өзгерістер енгізіліп отырады. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысын үнемдеуге септігін тигізбек. Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейін, енді еліміздегі мектептерде «Қоғам және дін» пәні енгізіледі. Оны сегізінші және тоғызыншы сынып оқушылары оқитын болады.