Елбасы Жолдауында елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігі айтылған болатын. Аталмыш жаңа модельдерді жік-жіктеп түсіндіру үшін еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Мадина Ерасылқызы студенттермен кездесу өткізді. Ол Жолдауда көрсетілген бес бағытты атап өтіп, нақты ел экономикасына тоқталды. Вице-министр экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустриялар экономикамызды көш ілгерілетпек. Осыған орай, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы құрылған. Өнеркәсіпті автоматтандыру, өндірістер ашу үшін инвестиция тарту, аграрлық секторды дамытуға шаруашылықтар мен кооперативтер жасақтау керектігі айтылды. Сондай-ақ, ел экономикасының ауқымды бөлігі жеке меншікке көшуге бағытталуда.
«Қазір мемлекеттік қызметтен қарағанда, жеке меншік секторларға көп көңіл бөлінуде. Жаңа компаниялардың пайда болуы үшін тиісті жағдайлар жасап жатырмыз. Сондықтан, келешек, сіздер оқуды бітіріп маман болған кезде, жеке меншік секторын бағыттайсыздар деген үміттеміз. Болашақтарыңыз - сіздердің араларыңызда. Өздеріңізді және бірге оқыған достарыңызды жұмыспен қамти аласыздар»,- деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВА.