Ауыл-аймақ ғаламтормен қамтылады. Еліміздің ақпарат және коммуникация министрлігі тысқары аймақтарда тұратын 2 млн-нан астам адамға жоғары сапалы ғаламтор таратуды жоспарлап отыр. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қалталы азаматтарды тарту да көзделген. Нәтижесінде, секундына 20 мегабит жылдамдықпен 2 мыңға жуық мектеп, денсаулық сақтау мен жергілікті мемлекеттік орындар ғаламтормен қамтамасыз етіледі. Қазір еліміздің барлық қалалары мен 1200 ауылдық округ жоғары сапалы ғаламтормен қамтылған. Бұл бұқараның - 72,8 пайызы.
«Министрлік кең жолақты ғаламтор байланысын 1700 ауылдық аймақтарға жүргізбек. Бұл дегеніміз, 2 миллионнан аса адам ғаламторды пайдалануға мүмкіндік алады деген сөз. Ауылдардың тізімін Ұлттық экономика министрлігімен бірге әзірлеп жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру 2018-2020 жылдарға жоспарлануда. Осының арқасында 2021 жылға дейін 24 мың шақырымды құрайтын кең жолақты байланыс жүргізіледі», - деді Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен АБАЕВ.
¤Осы тұста, еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев кең жолақты интернеттің арқасында электронды күнделіктерді қолдану жеңіл болатынын айтады. Өйткені, мектептерді кең жолақты интернетке қосу саласында бірыңғай теxникалық саясат жоқ. Соның салдарынан ведомство электронды күнделік сияқты жобаларды толыққанды іске асыра алмай отыр екен. Министрдің айтуынша, осы шаралар білім беру саласын цифрландыруға жол ашады. Сол кезде әрбір баланың жеке кабинеті болады.