Көмейіне құмыр құс ұялаған әнші. Қазақстандық танымал өнерпаз Димаш Құдайбергенов қытайлық "Әнші" жобасының екінші кезеңіне қызу дайындалып жатыр. Отандасымыз ол кеште орыс тілінде ән орындамақ. Доданың келесі кезеңі алдағы аптада өтеді. Димаш Құдайбергенов қазірдің өзінде қытайлықтар арасында мол беделге ие. Ән сайысының бірінші кезеңінде-ақ, әйгілі француз әнін орындап, іргелес елді өз өнерімен тәнті еткен. Осы күні талантты әнші Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін» телебайқауына қатысып, сайыстың алғашқы кезеңінде қазылар алқасының ең жоғарғы ұпайын еншілеп, келесі кезеңге өтті. Байқау 14 кезеңнен тұрады. Тек кәсіби әншілер сынға түсетін жобаға небәрі 8 әнші іріктелініп алынған.
«Сайыс 14 кезеңнен тұрады. Әрқайсысы бөлек-бөлек бір жеке сайыс деп қарауға болады. Әр сайыста 500 адам бағалайды. Әр қайсысы жасырын дауыс беру арқылы. Кәсіби сыншылардың алқасы отырады. Сөйтіп әрбір кезеңге баға беріліп, жалпы есебі шығады»,- деді Димаш Құдайбергеновтің әкесі, Қанат АЙТБАЕВ.