Елордада Астана процесінің 9-раунды аяқталды. Екі күнге жалғасқан келіссөзде Сирияның тағдыры сөз болды. Осыдан бірер сағат ғана бұрын делегаттар біртіндіп ақпарат құралдарының алдына шығып, өз мәлімдемелерін жасады.
Алғашқы күн жабық есік форматында өтті. Басқосуға Башар Джафари бастаған Сирия Үкіметі, Біріккен Ұлттар Ұйымы, кепілгер мемлекеттер - Ресей, Иран, Түркия және Сирияның қарулы оппозициясы, бақылаушы ел ретінде Иордания делегациясы келді. Тек Америка Құрама Штаттары қатысқан жоқ. Тоғызыншы раундтың қорытындысы бүгін оқылды. Маңызды құжатта өзгеріс аз. Процесске қатысушылар Сириядағы тыныштықты қалайды. Тараптар күні қиындаған халыққа көмекті тоқтатпаудан басқа, Қазақстанда тиым салынған ДАИШ, «Джабхат-ан Нусра», «Аль-Каида» сынды содырлар тобына қарсы күресті жалғастыруды келісті.
«Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды өз мәресіне жетті. Соңғы екі күн ішінде келіссөздерге қатысушы тараптар Сириядағы жағдайды ары қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды, әрі мазмұнды келіссөздер өткізді», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан АШЫҚБАЕВ.
10-шы Сирия қақтығысына қатысты келіссөз Ресейде өтеді деп шешті тараптар. Сочи қаласында саяси жиын шілде айына жоспарланып отыр.
«Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі 9-халықаралық кездесуді Астанада өткізгендігі үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі келесі халықаралық кездесуді 2018 жылдың шілдесінде Сочиде өткіземіз деп шештік», - деді РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр ЛАВРЕНТЬЕВ.
Естеріңізге салсақ, Астанада Сирия мәселесі бойынша осыған дейін 8 рет келіссөздер өтті. БҰҰ ақпарына сенсек, Сириядағы қақтығыс салдарынан 5 жарым млн жуық адам елден қоныс аударған. 2011 жылдан бері қарулы қақтығысты тоқтату барысында қауіпсіз аймақтарды құруға қол жетізу ең үлкен жеңістің бірі болды. Бұл өз кезегінде елдегі шиеленісті бәсеңдетуге септесті.