Елорданың «түнгі соты» көмегімен жүргізушілер сақтандыру көмегін 15 күннің ішінде ала алады.
Бұл туралы республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ұлдана Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түнгі сот» не үшін қажет? Мәселен полиция қызметкері жол-көлік оқиғасы бойынша хаттама толтырады. Жүргізушінің кінәлі екендігі айқын болса және ол оны мойындап отырса, алдымен полицияның материалды сотқа жібергенін күтеді. Одан кейін сот қарайды. Бұған қоса, соттың шешімі күшіне енуі тиіс. Содан кейін ғана сақтандыру төлемі жасалады. Мұның барлығына үш ай уақыт кетеді. Осы мерзім ішінде көлік қаңтарылып тұрады. Ал ол біреудің жалғыз табыс көзі болуы мүмкін. Жүргізуші құқық бұзғанымен, келісетін айқын істер 70 пайыздан асады. Ал «түнгі сот» бұл проблеманы шешеді», – деп түсіндірді Ұлдана СҮЛЕЙМЕНОВА.
Оның айтуынша, Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты кешкі сағат 18-30-дан 22-00-ге дейін кезекшілік енгізген. Әкімшілік полициямен меморандумға қол қойылып, өзара іс-қимылдың нақты алгоритмі әзірленген. Хаттама толтырылғаннан кейін материал бір тәуліктің ішінде сотқа түседі.
Іс «түнгі сотта» қаралуы үшін жүргізушінің кінәсін мойындау және түнгі уақытта қарауға келісімі қажет. Сол күні істің келесі күні қаралатындығы туралы шешім қабылданады. Бұл жайында тараптарға смс көмегімен хабарландыру жіберіледі. Ал үшінші күні тараптар сот қаулысымен сақтандыру көмегін алуға барады. Осылайша, мұндай істерді қарау мерзімі 100-ден 15 тәулікке дейін қысқарып отыр.
Жалпы, ілкі жоба қолға алынған 20 жұмыс күннің ішінде «түнгі сотта» 300 іс қаралып, өз шешімін тапқан.