Ең дәмді алма Алматы облысында өсіріледі

04.05.2018 в 12:49

Сіздің балаңыз алма бағында болды ма? Осындай ұранмен «Visit Алматы» орталығының жастары Түргендегі алма бағына пресс-тур ұйымдастырды. Ішкі туризмді дамытуды мақсат еткен олар алматылықтар сауда орталықтарымен шектелмей, демалыстарын табиғат аясында өткізіп, әсем қаламыздың маңайындағы көрікті жерлермен танысса екен дейді. Түргендегі «Aлма әлемі»  жобасы 2014 жылы қолға алынды. Қазір мұнда 70 га аумақта алманың оннан астам түрі өседі. 

«10 түрлі алма өсірсек, оның бәрі сатылмайды. Не кондиция болған алмалардан біз сок өнімін жасаймыз. Оның ерекшелігі- біздер оған ештеңе қоспаймыз, қант, крахмал қосылмайды, ешқандай консерванттар қосылмаған өнім шығады», - деді «Apple World» ЖШС бас директордың орныбасары Бекежан ЖАСҰЛАНҰЛЫ.

Түргенде апорт алмасынан бастап америкалық, еуропалық және жапондық алма түрлері бар. Сұрыптар әр түрлі болғанмен тау етегінде өсетіндіктен дәмі өзгеріп, ерекше болады, дейді мамандар. Себебі, түнде ауа температурасы +15 градусқа дейін төмендеп,  күндіз + 30 градусқа дейін көтеріледі. Ауа температурасы үнемі осылай құбылып тұратындықтан алмалар өте дәмді болады екен. Айта кетейін, бұл алмалар әзірге тек Алматы облысына шығарылады. Түргендегі алма бағының гүлдеуін кез келген алматылық келіп тамашалай алады, дейді жоба жетекшілері.

«Биыл 1200 тонна алма алып, оның 5 пайыздайы шырын жасауға, қалғанын сатылымға шығарамыз», - деді «Apple World» жобасының менеджері Арсен РЫСДАУЛЕТОВ.