Ең көне құран: Алматыда танымал коллекционер Азат Әкімбектің жеке көрмесі өтеді

Ең көне құран: Алматыда танымал коллекционер Азат Әкімбектің жеке көрмесі өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың 20 жылдығына орай танымал коллекционер Азат Әкімбектің жеке көрмесі өткізіледі. Онда Орта Азия мен Қазақстанның сәндік қолданбалы өнер туындылары қойылады. Келушілер үшін мыңға жуық ерекше экспонаттар көрсетілмек. Көрмеден тіпті 215 жыл бұрын жазылған ең көне құран кітапты да тамашалауға болады. Елордалықтарды бұдан өзге қандай жәдігерлер таңдай қақтырады?

Көне жәдігерлерді жинауды жетпісінші жылдардан бастап қолға Азат Әкімбектің коллекциясы бүгінде өте бай. Талай ғасырлардың куәсі болған құнды бұйымдардың тарихы тереңде жатыр. Түрлі ұлттардың антикварлық бұйымдарын тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтаған коллекционер Түркия, Жапония, Франция, Ресей, Венгрия және Қазақстанның түрлі қалаларында 68 көрме өткізген. Онда ұсынылған бұйымдардың барлығы келушісін таңдай қақтырмай қоймағаны анық. Енді кезекті көрмесіне дайындық үстінде. Ол Астананың 20 жылдығына Орта Азия мен Қазақстанның сәндік қолданбалы өнер туындыларын алып бармақ.

«Коллекциямда ең көне, 12 ғасыр. Қазір барлығымыз айтамыз ғой Талғар деп, өзіміздің Алматының маңындағы қалашық. Совет кезінде 1982 жылы табылған жер астынан. Мынау шамшырақ, керемет жезден жасалған, өрнектері бар. Өткен жылы Алматының мың жылдығын тойладық қой. Оны дәлелдейтін заттар болу керек. Ал мынандай қолдан шыққан бұйымды мұражайға қойып қойсаң, ол өзі сөйлейді»,-деді жәдігер жинаушы Азат ӘКІМБЕК.

Елордалықтардың назарына 1000-ға жуық экспонат ұсынылады. Бұл коллекцияда қазақ халқының төл мәдени тарихын, рухани байлығын, тұрмыс-тіршілігін, ұлттық философиялық ой мүддесін баяндайтын құнды жәдігерлер бар. Шығыс әйелдері таққан зергерлік бұйымдардың сан түрі, қазақтың ұлттық киімдері, ыдыс-аяқтары мен кілемдері, батырларының қару-жарағы мен ат әбзелдері де келушіні тамсандырмақ.

Көрмеге қойылатын ерекше бұйымдардың бірі - 19 ғасырда жасалған мына ерлердің адалбақаны екен. Бұрындары мұндай ағаштан жасалған ілгіш әр қазақтың үйінде болған. Өйткені, ер адамдар ішке кірген кезде өздерінің қару-жарақтары мен ат әбзелдерін жерге тастамай қастерлеп, осындай адалбақанға ілген екен.  

Азат Әкімбек елордадағы алғашқы көрмесін, осыдан 10 жыл бұрын Астананың туған күнінде өткізген. Онда халық ықылас танытып, экспонаттарға ерекше қызыққан екен. Сондықтан, жәдігерші кезекті көрмесінде бұйымдардың сан алуан болуына мән беріп отыр. Мол мұраның ішінен еліміздің белгілі суретшілері мен мүсіншілерінің де туындыларын байқауға болады. Кескіндемелі жұмыстарда қазақ даласының тылсым дүниесі, сол кездегі өмір-тіршіліктің болмысы тамаша бейнеленген. Ал, келушілер үшін қызықты жәдігердің бірі ең көне құран кітаптар болмақ.

«Ең қасиетті құран міне мынандай үлкен құрандар болады. Бұл қолжазба. Оны өзіміздің мына Сығанақ, Түркістан, Отырар, Самарқанд, Бұқара, Қашқария, өзіміздің осы Орта Азияда жазылған құрандар. Міне мына жерде жылы жазылған, 1219 жыл. Бұл хижре жыл, мұсылман жылы. Біздің қазіргі заманнның жылына айналдырсақ, 1804 жыл. Бұл құранға тура 215 жыл болған,-деді жәдігер жинаушы Азат ӘКІМБЕК.

Айта кетсек, Астанада ұсынылатын жәдігерлер көрмесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады. Коллекционер әрмен қарай аталмыш бағдарлама шеңберінде шетелдерде де көрме өткізбек. Жоспарда осы күзде Мәскеу мен Баку халқын тамсандыру бар.

«Экономика жағынан нығайдық, саясат жағынан нығайдық сол жағынан жақсы біледі. Қаламызды көрсеттік. Ал мына қолөнер жақты, рухани байлығымызды осы күнге дейін біз жақсылап көрсетпедік. Сол үшін Президент бекер шығармаған бұл программаны. «Рухани жаңғыру» деген біздің сол рухани байлығымызды, біздің ата-бабаларымыздың қолынан шыққан, солардан қалған керемет дүниелерді біз сыртқа апарып көрсетуіміз керек»,-деді жәдігер жинаушы Азат ӘКІМБЕК.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, Алматы телеарнасы.


Новости партнеров