Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры проблемалы активтен арылып жатыр. Қазіргі таңда оның көлемі 40 миллиард теңгені құрап отыр. Оны өндіру ісі Ұлттық банктің назарында. Қордың инвестициялық табысы 93 миллиард теңгеге жеткен. Зейнетақы қорының мамандары журналистердің басын қосып 2017 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелері туралы есеп берді. Өткен аптада депутаттар зейнетақы қорының инвестиция салу жөніндегі саясатына алаңдаушылықтарын білдірген болатын. Мәжілістегі жалпы отырыста олар Үкімет пен Ұлттық банк басшылығына сауал жолдады. Депутаттардың дүрлігуіне Әзірбайжандық банкрот болған халықаралық банкке салынған қомақты қаржы түрткі болған еді.
«Әзірбайжан халықаралық банкінің облигациялары әзірге зейнетақы активтерінің балансында тұр. 2017 жылдың 1 мамырында оның баланстық құны 71,3 миллиард теңгені құрап отыр. Қайтарып алу механизмі анықталған соң, берешектің құрылымын қайта қарау, бұл мәслені шешу жолдары барлығы инвестициялық табыста байқалады», - деді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле ЕГЕУБАЕВА.
Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 240 миллиард теңгеге өскен. Бүгінде ол 7 триллион теңгеге жуықтапты. Бұл тұрғыда алматылықтар көш басында. Зейнетақы қорына түсетін аударымдардың 22 пайызы қала тұрғындарына тиесілі. Жиында мамандар салымшылар зейнетақы жинағын баспана алу, оқу ақысын төлеу мақсатында алдын ала шешіп алу мәселесінің әлі талқыланып жатқанын айтты.
«Мұндай тәжірибеге талдау жасап жатырмыз. Өзге елдердің тәжірибелері ескеріліп жатыр. Бола қалған жағдайда да ақша адамдардың өзіне емес, медициналық мекемелердің шотына, банктерге төленуі мүмкін. Ақша болашақта зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сомадан артық болған жағдайда ғана берілуі тиіс. Ер адамдар үшін бұл сома - 8 миллион теңге, әйел адамдар үшін 9 миллион теңге», - деді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле ЕГЕУБАЕВА.