|
20.06.2018 | 20:54
4402

ҰБТ басталды: Қазақстанда 100 мыңнан артық түлек тест тапсырады

ҰБТ басталды: Қазақстанда 100 мыңнан артық түлек тест тапсырады

Бүгін Елімізде Ұлттық біріңғай тестілеу науқаны басталды. Алдағы он күнде Қазақстан бойынша 100 мыңнан артық түлек мектеп бағдарламасындағы 120 сұраққа жауап береді. Ал Астанадағы жеті жүз сексен оқушының тест тапсыруына министр Ерлан Сағадиев барды. Елордалық әріптесім Нұржан Сәдірбай тестілеудің алғашқы күні туралы толығырақ айтып беруге дайын. Нұржан, қайырлы кеш! Мектеп бітірушілер маңызды күнге қалай дайындалыпты?

Қайырлы кеш, Өмір! Астанада оқушылар тестті қалай тапсырғандығы мен мән-жағдайды толық айтпай тұрып, оның қалай өткендігіне тоқталайын. Таң ата биыл барлық тестілеу өтетін үш жоғарғы оқу орнының бірі - Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің алдында ата-аналар көп жиналды. Тестілеу басталмай тұрып, еліміздің бас мұғалімі Ерлан Сағадиев іс-шараның дұрыстығын бақылап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Жаңа ғана балаларды көрдік. Биыл 102 мың бала ҰБТ-ға келеді. Болмаған жағдай. Өте қуаныштымыз. Жыл сайын ЖОО-на түсетін балалардың саны өсуде. Биыл қосымша 20 мың грант бөлінді»,-деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Алғашқы күні еліміз бойынша 14 мың бала өз білімін сынайды. Іс-шара дұрыс өтуін арнайы мамандар камералар арқылы да бақылап отырады. Түлектердің ішінде қазақ тілінен тапсыратындар саны 77 мыңнан асып жығылса, 25 мыңнан астамы орыс тілін, 46-сы ағылшын тілін таңдаған. Сұрақтардың 50 пайызға жуығы жаңарған. Ең жоғары нәтиже көрсеткен алғашқы оқушыны гранттан бөлек, тағы да жақсы сыйлық күтіп тұр. 

«Жеке қаражатымнан бірінші болып ең жоғары балл жинаған оқушыға қалталы смартфон сыйлауға дайынмын. Ең соңғы үлгідегі телефонды сыйлаймын. Қайталап айтайын, Жеке қаржыма»,-деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ.

Араға бірнеше сағат салып, тестке кедергі етпесін деген ниетпен есіктері жабылған оқу орнынан алғашқы белгілеуді бітіргендер де шықты. Көбісі оқуға түсуге мүмкіндік беретін ең жоғары балды жинағандарына да сенімді.

«Жетпістен артық алдым деп ойлаймын. Ауылшаруашылық маманы болғым келеді. Керекті бал ала алмасамда, мұңаймаймын. Басқа мамандық иесі боларыма нақты сенімдімін»,-деді түлек Максим УПИЛЬКОВ.

«Қиын болған жоқ. Дайындығым тиянақты болғасын, жақсы тапсырып шықтым деп ойлаймын. Үміттенемін. Армандаған оқу орнына түссем жақсы болар еді»,-деді түлек Маргарита ШУШКАННИКОВА.

Осымен 15-ші рет өтіп жатқан Ұлттық біріңғай тестілеудің басты жаңалығы - нәтижені «Телеграм» әлеуметтік желісі арқылы білуге болады. Ол үшін түлек арнайы орталықпен байланысып, жеке кодын айтуы тиіс. Биыл еліміз бойынша 6 мың 780 оқушы «Алтын белгімен», 4 мың 915 оқушы үздік аттестатпен бітірген. Ал Алматыдағы тестілеудің қалай өткенін білу үшін сөз кезегін әріптесім Тоғжан Аманға берейін. Тоғжан?

Рақмет Нұржан! Алматы қаласында да мектеп бітірушілердің алғашқы легі бүгін сынақтан өтті. Бостандық ауданының 500-ден астам түлегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тест тапсырды. Таңғы 7-де оқу ордасына жиналған түлектер 8-ден бастап Ұлттық біріңғай тестілеу тапсыруға кіргізіле бастады. Ал сағат 9-дар шамасында алғашқы кітапшалар ашылды. Бүгінгі лекте рұқсат етілмеген заттарды алып кіргендер болған жоқ. Алдын ала түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен бе, балалар сынаққа жақсы көңіл-күймен кірді. Сыртта тақымын қысып қалған ата-ана мен мұғалімдердің де көңілі жай десем болады. Өйткені барлық аудиторияда бейне бақылау камералары бар. Сол арқылы әр ата -ана өз баласын онлайн режимде көріп отырды.

«Тікелей қосылған жүйе қуантып отыр бізді. 1-2 жыл бұрын мұндай жағдайлар болмаған. Тікелей көріп отырмыз міне, өзімнің жиенім 1-аудиторияда. Әр аудиторияда осылай әр ракурстан түсірілген»,-деді Бақытжан ОРЫНБАЕВ.  

Ұлттық біріңғай тестілеу Алматы қаласында сегіз ЖОО-ның базасында өтеді. Биыл мектеп бітірген 9030 түлектің 8200 -і тестке қатысуға өтініш білдірген. Айта кетейін, «Алтын белгі» иегерлері тек өзгелермен балы бірдей болған жағдайда ғана басымдыққа ие болады. Және бір жаңалық, осы жылдан бастап түлектерге тестті ағылшын тілінде тапсыруға ерік берілді. Бүгін бір оқушы ағылшын тілінде тапсырып шықты. Байқағанымыз, бүгінгі тестілеуге дайындық тыңғылықты жүргізілген. Баланың қауіпсіздігі үшін жедел жәрдем көліктері сақадай сай тұрды. Аудиоториялар мен сырттағы тазалық, одан қалды балалар ішетін суға дейін қатаң тексерістен өткен.     

«Бірінші потокқа 569 бала ұсыныс білдірген болатын. Бізде бүгін 8 аудитория жұмыс істеп тұр. Барлық аудиториялар талапқа сай. Металискательдер мен глушительдер қойылып, барлық талаптарға сай өз деңгейінде дайын тұр»,-деді ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК филиал басшысы Жандос ҚҰМҒАНБАЕВ.

Сұрақтарға жауап беруге 3 сағат 50 минут уақыт берілді.  Тест тапсырып шыққандардың көбі қобалжығанын да жасырмады.

Биыл Ұлттық бірыңғай тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылғанын атап өтейін. Жалпы ҰБТ Алматыда маусымның 20-ы мен 25-і аралығында өтеді. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі. Максималды балл -140 болса, 50 балдан асу - міндетті. Ал Ұлттық Университеттерге түсу үшін кемінде 70 балл алу керек. Тесттің қорытындысын емтихан  тапсырған ЖОО-нан немесе testcenter.кз сайтынан көруге болады. Ал бүгінгі тестте келген сұрақтарға байланысты қандай да бір келіспеушіліктер болса, түлектер ертең аппеляцияға бере алады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ҰБТ
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир