Жаралы жылдар: Қартқожа Тоғанбаев

Жаралы жылдар: Қартқожа Тоғанбаев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қанды жылдардың құрбаны болған тағы бір қазақты ұрпақтары еске алды. Зұлмат жылдары жазықсыз жаны қиылған арыстардың ішінде Қартқожа Тоғанбаев та болған. Бұл кісінің есімі тарихта өте қабілетті аудармашы ретінде де таныс.

Алаш қозғалысының қайраткері Қартқожа Тоғанбаевтың есімі қазір көп айтыла бермейді. «Қазақ» баспасының жауапты редакторы, Алматыдағы жоғары ауыл шаруашылық мектебінің оқытушысы, Қазақтың марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының аудармашысы, редакторы  «Халық жауы» деп айыпталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.  Оның есімі Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды үзеңгілес жолдастарымен бір қатарда тұруға лайықты.

«Әкемді 38-ші жылдың 28 ақпанында атып тастады. Ол туралы бізге ештеңе айтпады, қандай қылмыс жасағанын, жерленген жерін отбасына айту керек емес пе?! Ондай ештеңе естімедік. Өлу туралы куәлігін берді, ол жерде не үшін өлгендігі де жазылмаған. Осындай сұмдықтар болды», - деді Қартқожа Тоғанбаевтың ұлы Төлеш ТОҒАНБАЕВ.

Қартқожа Тоғанбаевты 37 жылдың 22 қазанында алып кетеді. Жұбайы Шейла Тоғанбаева мен балалары халық жауының отбасы бола тұра ғажап жолдармен аман қалған. Отбасы сол сұрапыл жылдары көп қиыншылық көреді. Бір баласы қатты сырқаттанып, қайтыс болыпты.

«Әкесінен ескерткіш болсын деп, қасқыр ішігі болады екен, соны сақтап жүріпті шешеміз. Ішетін тамақ жоқ, күн көру үшін соны базарға апарып сатқан екен. Пәтерде тұрған екен. Туысқаны, бүгін ішесің, ертең не тамақ ішесің деп, екеуіміз Алматыға барып, саудамен айналысайық деп шақырады. Ол кісі тігінге өте шебер еді. Осы жерден материал алып, костюм тігіп күн көреді», - деді Қартқожа Тоғанбаевтың келіні Балташ ҚАЗЫХАН.

Сталиндік зұлмат заман Қартқожа Тоғанбаевты да аяған жоқ. Сол бір ұмыт қалған жылдардың жаңғырық үні әлі де құлақтан кетпек емес. Бүгінде Алаштың арысты ұлы Қартқожаның еңбектері арқылы Қазақстанның ұлы мәдениетін қазыналы ету бәрімізге ортақ міндет, халық алдындағы парыз.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров