|
29.05.2017 | 10:46
12646

Жаралы жылдар: Ұзақбай Құлымбетов

Жаралы жылдар: Ұзақбай Құлымбетов

1937 жылы еліне адал қызмет еткен арыстай азаматтар атылды. Жазықсыз «халық жауы» деген жалған айыппен жер жастанды. Ал олардың артында қалған ұрпақтары күні кешеге дейін ауыр азап шекті. Cондай тағдыр иесі - көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпақтары. Ол кісінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева өз отбасының, яғни Құлымбетовтер әулетінің басынан кешкен өмір тарихы жайлы кітап шағырған.

«Халық жауы» болып атылған Ұзақбай Құлымбетовтің балалары үшін тағдырдың таяғы міне осы тұстан басталып еді. Әкелері атылып, аналары айдауда жүргенде, тоз-тозы шыққан балаларының біразы жетімдер үйінде, біразы ауылда ағайындардың қолында жүрді. Сол күндерді Орынша Қарабалина қазір қорқынышпен еске алады. Өзінің «Біз не көрмедік?» деген повесінде еңбек сіңірген қайраткер сол заманның қиыншылықтарын ашық жазған.

«Біз студент күнімізде де фамилиямызды жасырып жүрдік. Мен оқытушы болдым тарихтан, сол кезде біліп қойып, халық жауының қызы неге тарихтан сабақ береді деп бізді әбден қудалады. Әділетсіздіктерді біз көп көрдік», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА.

Ұзақбай Құлымбетов 1926 жылдан 1935 жылға дейін Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, онымен қоса Сауда министрі қызметтерін атқарған. Өзі 1937 жылдың 2 тамызында ұсталса, оған дейін Орталық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Ол кісі партия қызметін атқарғанмен, соның барлығын қазақ үшін, ұлтының жақсы өмір сүруі үшін жасады. Мәселен Орталық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанында Қазақстан автономиялы республикадан Одақтас республикаға айналды.

«Қазақстанның ең алғаш картасын жасауға осы кісі өзі қатысқан. Бұл кісі Үкіметті, мемлекеттің лауазымды қызметін, өзінің қызметін халыққа жақындатуды ойластырған. Халықтың Үкіметі деп есептеген. Сондықтан бұл кісі қай жақта жүрсе де, есігі ашық болған», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА.

Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, сол жылдары Қазақстан бойынша 130 мыңдай адам репрессия ұшыраған. Оның 25-30 мыңдайы оққа ұшқан. Соның бірі - Ұзақбай Құлымбетов.

«37-38 жылғы үлкен зұлмат қазақтың басына келген үлкен қатер болды. Сол жылдары қазақтың бүкіл зиялы қауымының көзін құртып жіберуге тырысты. Біздің қолдағы деректер бойынша, 1938 жылдың 25 ақпаны мен 16 наурызының ортасында 641 адам атылған», - деді саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек АШУҰЛЫ.

Дүниеде ғалымның хаты өлмейтін болса, жақсының аты өлмейді. Ұлты үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген Ұзақбай Құлымбетовтің атында қазір Алматы мен Ақтөбеде ғана шап-шағын екі көше бар. Орынша Қарабалинаны әкесінің еңбегіне тарихи баға берілмей, тарихтан орнын ала алмай келе жатқандығы қынжылтады.

«Кірпіш зауытын салдырған, нан зауытын салдырған, ағаш жөндеу зауытын салдырған, электр энергиясын беретін 300 ваттық, одан кейін 500  ваттық электр стансасын салдырған. Арықтарына дейін тазарттырған ғой, комиссия мүшелерін жіберіп. Құлымбетовтың осы Алматыға үлкен еңбегі сіңген. Бірақ сол Алматыда Құлымбетовтың атында мектеп жоқ, бір қысқа көшесі ғана бар», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА.

Әйтсе де, қол қусырып отырмай, әкесінің атын ұлықтатуға барынша үлес қосып келеді. Былтыр Ұзақбай Құлымбетовтың 125-ке толуына орай, екі бірдей кітаптың жарық көруіне өзі тікелей атсалысты.

«Былтыр 125-ке толды бұл кісі. Соған байланысты мен архивтерге барып, тарих институтына барып,  2-том материал жинадық. Соның бір томы Ұзақбай Құлымбетов деген энциклопедиядан шықты, Мәдениет министрлігі шығарды. Екінші томы әлі шықпай жатыр. Мына кітапты өзіміздің қаржымызға шығардық. Бұл кітаптың ішінде өзіміздің тарихшыларымыздың жазған мақалалары бар», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА.

Ұзақбай Құлымбетов - күллі қазаққа ортақ тұлға. Бүкіл өмірін ел игілігі жолындағы күреске арнап, шынайы қайраткерлік биікке көтеріле білген мұндай тұлғаны елеп-ескермеу, өз дәреже¬сінде бағаламау тарихқа зор қиянат екендігін мойындауға тиіспіз.

Сая Меңдеке, Влад Шишко, «Алматы телеарнасы»


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир