Ақтөбеде атышулы Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа қатысты іс сотқа жіберілді. Айыпталушыларға «Шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Трансұлттық қылмыстық қоғамдастық құру және оған басшылық жасау, сол сияқты оған қатысу» және басқа да ауыр және өте ауыр құқық бұзушылық санатына жататын баптар бойынша айыптар тағылған. Қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведмоствоаралық жедел-тергеу тобы, сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы, облыстық прокуратураның процессуалды прокурорлары тергеді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық прокуратурасы мәлімдеді. Еске сала кетсек, «мұнай ұрлады» деген күдікке іліккен қылмыстық топ өткен жылы желтоқсанда ұсталған болатын. Прокурорлар оларға қатысты қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын бірнеше рет ұзартқан еді.