Алматыда тағы 3 бірдей жоғарғы оқу орнының қоршаулары бұзылды

05.06.2017 в 15:01

Алматыда тағы 3 бірдей жоғарғы оқу орнының қоршаулары бұзылды. Жауаптылар шарбақтардың орнына білім ордалары маңын жасыл желекке орамақ. Сөйтіп, биік дуалдардан арылған білім ордаларның қатарын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы мен Еуразиялық технологиялық университеті толтырды.  

«Қоршаусыз қала» бағдарламасын жүзеге асырып жатқан университеттер қатарында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бар. Бүгінде білім ордасының алып жатқан жалпы аумағы 3 жарым гектарды құрайды. Осы уақытқа дейін ол толығымен темір қоршаумен қоршалған еді. Енді барлығы толық алынып тасталды.

«Біз адамдардың мәдени демалысына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Тұрғындардан сұрайтынымыз, білім ордасы аумағында бұған дейін болған тазалық сақталса дейміз. Әр азамат өз қаласын сүю тиіс. Қоршаған ортаны күл-қоқысқа толтырмауы керек», - деді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар НӨКЕТАЕВА.

Темір қоршаулардан  Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы да тазартылды. Екі мыңнан астам студент білім алып жатқан оқу орны енді өз аумағын жасыл желекке орамақ.

«Бұл өте керемет бастама. Менің ойымша, бұл бастамада жалпы біздің қаламыздың көркеюі, гүлденуі, жасылдануының бәрі біздің өзімізге және өсіп келе жатқан жастарға олардың ағзасына, тұрмыс-тіршілігіне өте көп үлесін қосады», - деді Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы факультетінің деканы Динара АЖИМУРИНА.

Аумақты келушілерге барынша қол жетімді болуына Еуразиялық технологиялық университеті де кірісті. Студенттер көгалда емін-еркін тыныстап, оқуларын алаңсыз жалғастыра алады.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы