Алматыда жеке компаниялар өз қаражаттарына 254 автобус сатып алмақ

03.11.2017 20:38

Алматыда №65-ші бағытта қатынайтын қоғамдық көліктер жаңартылды. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек жаңа автобустардың сапасымен танысып, оң бағасын берді. Соңғы үлгідегі көліктер экологияға еш зияны жоқ екен. Су жаңа автобустар "оңай" жүйесімен жабдықталған. Одан өзге әкімдік жыл соңына дейін 500-ге жуық жаңа көлік енгіземіз деп отыр.

Тұрғындар көп шағымданатын №65-ші бағыттағы автобустарды ауыстыруды қала басшысы былтыр тапсырған еді. Ол кезде, көліктердің ескіргені, олардың адам тасымалдауға жарамсыз екені ескертілген болатын. Айтылған сөз далаға кетпеді. Транспорттық реформа жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағыттағы автобустар мынадай көліктерге ауыстырылды. Бүгіннен бастап қала тұрғындары экологиялық таза, заманауи үлгідегі транспортпен қатынайды. 24 қоғамдық көлік Қытайдан жеткізілген. Алматы әкімі Бауыржан Байбек су жаңа автобустарды арнайы көріп шығып, жауапты басқармаға автобустарды шетелден жеткізіп қана қоймай, отандық көліктерді қалада көбейтуді тапсырды. Мұндай реформа дамыған елдерде осыдан 35 жыл бұрын жүргізілген екен. «Аталған жаңашылдық елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге мүмкіндік береді», - деді қала басшысы.

¤Ютонг маркалы автобустар еуро-5 стандартына сай. Яғни, экологияға зиянды заттарды бөлмейді. Көлікке 70-аса адам сияды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнда бейнебақылау камералары  жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, кембағал жандарға да орындар қарастырылыпты.

¤«Біздің тасымалдаушылардың осылай автобустар алатын мүмкіндіктері пайда боған себебі, біріншіден мен айтқан реформаның арқасы болса, екіншіден біз қазір осы жаңа автобус алып, біздің тұтынушыларға сапалы қызмет көрсететіндерге субсидия төлейтін жағдай жасап жатырмыз. Қазіргі таңда бізде екі компания субсидия алып жатыр. Ол біздің коммуналдық алматыэлектротранс пен думан транс жеке компаниялары», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Еске салайық, жеке компаниялар 254 автобусты өз ақшаларына сатып алуда. Ал, мемлекет бюджетінен 13 миллиард теңгеге 380 көлік алынып жатыр. Бүгін әкелінген қоғамдық көліктер "оңай" жүйесімен жабдықталған. Өткен аптада №50, 112, 126 және 103-ші бағыттарда жаңа автобустар жүре бастаған еді. Алматыда транспорттық реформа келесі жылдың көктеміне дейін жүргізілетін болады.

Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы