Алматыда көпқабатты үйлер ортақ есептегіш құралдармен жабдықталады

Алматыда көпқабатты үйлер ортақ есептегіш құралдармен жабдықталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көпқабатты үйлерге ортақ жылу есептегіш құралын қойған алматылықтар  коммуналдық төлемді 55 пайызға аз төлеп отыр. Бір ғана тұрғын үй кешенінің тұрғындары өткен қыста жылуға төлейтін төлемнен 4 млн теңгеге жуық қаражат үнемдеген.

Қазір қала бойынша жылу есептегіш құралдарын орнату бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Бүгінгі күні мегаполистегі үйлердің 64 пайызында үнемді қондырғы бар.

Әуезов ауданы – Алматыда ортақ жылу есептегіш құралдарын орнатудан көш бастап тұр. Бұл аудандағы көпқабатты 1704 үйдің 95 пайызы есептегіш құралмен жабдықталған. Соның арқасында, 243 пәтерлі мына тұрғын үй кешені өткен жылу маусымында 3 млн 837 мың теңге үнемдеген. 

«Салыстырмалы түрде айтар болсақ, егер үйде жалпы қойылған қондырғы болмаса, қала бойынша 1 текше метр ыстық судың бағасы 588 теңгені, ал жылудың 1 шаршы метріне 268 теңгені құрайды. Ал қондырғы қойған кезде, қанша нақты жылу берілді, соны ғана есептеп шығарып береді», – деді «Мамыр-7» ПИК төрағасы Мұратжан ЖАҚЫПБАЙ.

Ортақ жылу есептегіш құралының жанында мынадай модем болады. Ол барлық көрсеткішті Алматы жылу жүйесіне автоматты түрде жолдайды. Есеп құралын бірнеше жылдан бері пайдаланатын тұрғындардың айтуынша, үнемнің үлесі әжептеуір. Әсіресе, қыс мезгілінде коммуналдық төлемдерді өзгелерден екі есе аз төлейміз дейді.

«Біздің осы үйге көшіп келгенімізге екі-үш жыл болды. Осы құрылғыларды қойғалы бері коммуналдық төлемдеріміз өте аз келеді. Өті тиімді екен, үйіміз де қыста жылы болып тұрады», – дейді тұрғын Салтанат АТАҚҰЛОВА.

«Бағдарлама бойынша қаланың 64 пайызы ортақ есептегіш құралдарымен қамтамасыз етілді. Егер де жылу энергиясының 1 Гига калориясы ортақ есептегіш құралынсыз 8139 теңге болса, осы құрал орнатылған үйлерде 5967 теңгені құрайды», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС инженері Талғат БАЯХМЕТОВ.

Ортақ жылу есептегіш құралдың тағы бір тиімді тұсы – қарапайым есептегіш құралы барлар жаз мезгілінде ыстық судың текше метріне 588 теңге төлесе, ортақ есептегіш құрал орнатқандар нақты қолданылған суға ғана төлейді екен. Және бұған дейін тұрғындарға есеп құралдың құнын бөліп төлеуге 1 жыл уақыт беріліп келсе, қазір 4 жыл көлемінде бөліп төлеуге мүмкіндік берілген, яғни, бір пәтерден айына небәрі 200-500 теңгедей шағады. Алматы жылу жүйесінің мамандары жыл соңына дейін 7597 құрылғы орнатпақ. Демек, ортақ жылу есептегіш құралымен қаланың 90 пайызы қамтылады деген сөз. Тек ескі және техникалық мүмкіндігі жоқ үйлер ғана жабдықталмайды.


Тоғжан Аман, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров