Голливудтың әлемге әйгілі тағы бір туындысы қазақ тіліне тәржімаланды

10.08.2017 17:46

Голливудтың әлемге әйгілі тағы бір атыс-шабысы қазақ тіліне тәржімаланды. Бұл жолы отандық мамандар атақты француз режиссері Люк Бессонның «Валериан және мың ғаламшар шаһары» атты туындысын қазақша сөйлеткен. Шығарманы дубляждау кезінде қандай қиындықтар болды? Оны дыбыстаған кімдер?

«Валериан және мың ғаламшар шаһары» - шым-шытырыққа толы фильм. Оның басты кейіпкері - жер жаһанды өзге планеталықтардан қорғау үшін түрлі қиындықтарға тап болады. Галактикааралық қақтығыс кезінде табандылық танытып, өзінің батырлығын, ержүректігін көрсетеді. Туындының өзегі де сол. Қаһармандықты дүйім көпшілікке паш ету арқылы, шартарап адамдарын бірлікке үндейді. Негізі бұл фильмді көзі қарақты көрермен осыған дейін ағылшын және орыс тілдерінде көрген еді. Бүгін міне, қазақшаға аударылып, алматылықтардың назарына ұсынылмақ. Шытырман шығарманы көппен бірге тамашалау үшін қала басшысы Бауыржан Байбек те келді.  


Фантастикалық шығарманың мазмұнына үңілсек, ондағы басты кейіпкерлер - Валериан мен Лорелин тапсырма бойынша галактиканың барлық бұрыштарынан мыңдаған тіршілік иелері жиналатын «Альфа» деген ғажап ғаламшарға аттанады. Алайда қарапайым операция кейін күмәнді іске түрленеді. Сөйтіп, арнайы агенттер күтпеген жерден қиындыққа тап болады. Валериан мен Лорелиннің миссиясы - бүкіл әлемді қауіп-қатерден қорғау. Негізі, дубляж жасаудан гөрі, мәтінді аударып, оның мағынасын жеткізу - ұзақ уақыт алады екен. Фильмдегі кейіпкерлерді Олжас Жақыпбек, Назерке Серікболова, Сырым Қашқабаев, Азамат Қанапия сынды актерлер дыбыстаған.  


«3 рөлді дыбыстадым. Негізгісі – басты рөлдің бірі. Бұл қаныпезердің рөлі, капитан. Екіншісі, саудагердің рөлі. Ал үшіншісі, ғаламдық үйрек сияқтылар, яғни жат планеталықтар», - деді дубляж актері Азамат ҚАНАПИЯ.


Еуропа тарихындағы ең құнды фильм «ЕуропаКорп» және «Фундаментал Филмс» киностудияларында түсірілген. Туынды осыған дейін бірнеше кинофестивальға қатысып үлгеріпті. Фантастикалық боевик биыл қазақ тілінде дубляждалған 5-ші фильм екен. Ал киноны көруге келгендер әлемдік фильмдердің қазақ тіліне аударылып жатқанына қуанатындарын жасырмады.


Қорытындылай кетейін, киноны 25 актер тәржімалаған. Жалпы елімізде осыған дейін 22 түрлі шетелдік фильм қазақ тіліне аударылған. Бұл мемлекеттік тілге көрсетілген құрмет болса керек. Ал алматылық көрермен «Валериан және мың ғаламшар шаһары» фильмін қаладағы барлық кинотеатрлардан көре алады.