«ЮНЕСКО клубтарының ІІІ шығармашылық академиясының» балалары «Алматы» телеарнасына саяхат жасап, арнамыздың бір күндік тіршілігімен танысты.
Балаларға бұған дейін күн сайын тікелей эфирде тарайтын еліміздегі және әлемдегі ең маңызды оқиғалардың көрерменге қалай жететіні жұмбақ болып келген. Ал бүгін олар экскурсия арқасында жаңалықтар студиясына бас сұғып, тікелей эфирде хабар таратудың қыр-сырына қанықты.
«Журналист мамандығына деген қызығушылығым «Алматы» телеарнасына бас сұққан сәттен бастап тіптен арта түсті. Телеарнаға деген мүлдем басқа сезімдер, көзқарастар пайда болды. Мені бұл жерде таңғалдырғаны, неше түрлі аппараттар өте көп екен. Бұрын-соңды телестудияда болмаған едім. Тележүргізушінің орындығында отырған тіптен керемет екен. Болашақта өзімді тележүргізуші ретінде елестетіп көрдім», – дейді Мәди ОРАЗИЕВ.
Балалар кадрда көріне бермейтін, жұмбағы көп телеарна өмірімен танысуға айрықша қызығушылық танытты. Олар ғимараттың әр бөлмесін аралап, монтаж жасау процесін де, тілшілердің ақпаратты әзірлеу барысын да бақылап үлгерді.
«Шынымды айтсам, маған өте қатты ұнады. Мұндай студияға бірінше рет келуім. Өзім болашақта тележүргізуші болып, өмірімді телеарнамен байланыстырғым келеді. Кішкентай кезімнен шағын әңгімелер, мақалалар жазамын», – дейді Алина ГОРБУНОВА.