Алматыда өрт қауіпсіздігін бұзған білім мекемелеріне 3 млн теңге айыппұл салынған

Алматыда өрт қауіпсіздігін бұзған білім мекемелеріне 3 млн теңге айыппұл салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының білім ошақтарында оқулық жеткілікті болады. Ал оқушылардың төтенше жағдайдағы қауіпсіздігі жіті назарға алына бастады. Жыл басынан бері 600-ден астам білім мекемелері тексеріліп, өрт қауіпсіздігін бұзған 3500 дерек тіркеліпті. Олар енді жаңа оқу жылына дейін олқылықтарды жоюы қажет.  

Алматылық мектептер 2016-шы жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен оқулықтарды алып жатыр. 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары жаңа пәндік оқулықтарды алып үлгерді. Ал биылғы жаңа оқу жылын 3, 6, 8 сыныптағылар жаңа оқулықтармен бастайды. Білім басқармасындағылар кітаптан тапшылық байқалмайды деп отыр.

«Жергілікті бюджет есебінен бұл мақсатқа 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бұл оқулықтардың барлығы жаңартылған білім мазмұнына сәйкес сараптамадан өткізілген. Яғни, мемлекеттік білім стандартына сәйкес», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Ақмарал АЙТУАРОВА.

Мектепке дайындық жұмыстарына ата-аналар бас қатырмаса да болады. Егер балаларыңызға керек-жарағын алып үлгермесеңіз, қалада ұйымдастырылған мектеп жәрмеңкелерінен біршама үнемдеуге болады. Осындай жәрмеңкелер 10-шы қыркүйекке дейін жұмысын тоқтатпайды.

«Бағалары қалтаға ауырлық түсірмейді. Мысалы, мектеп формасы 9 мың теңге мен 30 мың теңгенің аралығында. Мектепке керек-жарақтарды 3 мыңнан бастап, 10 мың теңге аралығында алуға болса, спорттық киімді 15 мыңның төңірегінде сатып алуға болады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Ақмарал АЙТУАРОВА.

Ал аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға қалталылар көмек көрсетіп жатыр. Осы уақытқа дейін олар 36 миллион теңгенің тауарын 3 мың алматылық оқушыға алып беріпті. Сонымен қатар, оқу ошақтарындағы қауіпсіздік те басты назарда. Жыл басынан бері төтеншеліктер білім мекемелерінде 600 тексеріс өткізген. Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзған 3500 дерек тіркеліп, 3 миллион теңгенің айыппұлы салыныпты.

«Бір мекемеде есіктері алынған, екіншісінде керісінше, жауып тастаған. Өрт қауіпсіздігінің автоматтандырылған жүйесі кейбірінде жұмыс істемейді. Барлық деректер бойынша мектеп директорларына олқылықты реттеу жөнінде ескертулер берілді. Олқылықтарды жаңа оқу жылына дейін жою керек», – деді Алматы қаласы ТЖД басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдос НҮСІПБАЕВ.

Айта кетейік, төтенше жағдайлар департаменті бұл мақсатта, алматылық мектептердің директорларымен кеңес өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.


Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров