Алматыдағы Түрксіб ауданы жыл соңына дейін газбен толық қамтылады

Алматыдағы Түрксіб ауданы жыл соңына дейін газбен толық қамтылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Түрксіб ауданында қарқынды түрде газ құбырлары тартылуда. Қазіргі таңда аудан 98 пайызға газбен қамтылған.

Биыл да осы бағыттағы жұмыс жалғасын тауып отыр. Бұл жұмыстар осы жылдың аяғына дейін толығымен аяқталуы мүмкін.

Жалпы аудандағы барлық тұрғын 2019 жылға дейін көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілмек.

Түрксіб ауданында бүгінгі таңда 1485 үй табиғи газға қосылмаған. Көгілдір отын келмеген жеке тұрғын үйдің басым бөлігі Әлмерек ықшамауданында орналасқан. Пеш жағып күнелтіп келген тұрғындар енді бұл күндердің артта қалатынына әлі сене алар емес.

«Бұл жерде тұрып жатқаныма 37 жыл болды. Осы күнді күткенімізге көп жыл болды. Жан-жағымыздың бәрінде газ бар. Тек бізде ғана жоқ еді. Енді біздің жағдайымызды түсініп, биыл газ өткізіп жатыр. Рахмет!», – деп ризашылығын білдірді тұрғын Шағипа ТӨЛЕНДИНОВА.

«Көмір жаққан оңай дейсің бе, балам? Үйде келінім от жағады. Өзім ауыр ештеңе көтере алмаймын. Енді газ қосылса, көмір жағып, қиналып жүрмейтін болдық. Құдайға тәубә деп қуанып отырмыз», – дейді тағы тұрғын Гүлнар ТІЛЕУБАЕВА қуанышымен бөлісіп.

Әлмерек ықшамауданында газдандыру жұмысы шілде айының басында басталған. Күн суытса мазасы қашатын жұрт жылыту маусымы басталғанша табиғи газбен қамтылатын болады. Ықшамаудан тұрғындары газ жүргізетін компанияға наурыз айында жүгініпті. Бүгінде 600 үймен келісім-шарт жасалған. Оған қоса, мүгедек және зейнеткер азаматтардың қосылуына жеңілдіктер қарастырылған.

«Бәрі 150 мың теңге тұрады. Оның ішіне бәрі кіреді. Мүгедектер мен зейнеткерлерді жеке қараймыз. Көмегіміз бар. Бір жылдық бөліп төлеу мерзімі бар», – деді мердігер компанияның бас директоры Жадырасын БӘКЕН.

«Енді газ қосылмаған 385 үй қалды. Бірақ ол жаққа да газ тартылып қалар. Қазір қазан айын күтпіп жатпай-ақ, мердігер компаниямен сөйлесіп жатырмыз, олар да тағы да қосымша адамдар қосып, жұмысты ары қарай жалғастырады», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Түрксіб ауданында жалпы, 25 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар. Соның 98 пайызы газбен қамтылған. Жыл аяғына дейін Түрксіб ауданы толығымен газдандырылады.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров