Талдықорғанда 4-ші қабаттан секіріп кеткен шендінің өліміне қатысты тергеу басталды. Ұлттық бюро қызметкерлері ішкі тексеріс тағайындап, "Қаз Су Шаруашылығының" бөлімін басқарған Сейілхан Мұхамадиевтің өз-өзіне қол жұмсауына кімнің түрткі болғанын анықтап жатыр. Есте болса, қайғылы оқиға 3-ші ақпанда болған еді. Редакциямызға жолданған мына кадрлар сол күні түсірілген. Анықталғаны мемлекеттік кәсіпорынның филиалын басқарған Мұхамадиев тендер ұтқан делдалдан 17 жарым млн теңге көлемінде пара алмақ болыпты. Құзырлылар күдіктіні ақша алып тұрған сәтінде тұтқындап, бөлімшеге жеткізген. Бірақ көп ұзамай Мұхамадиев тергеушілер бөлмесінің терезесінен секіріп кеткен. Алған жарақаттан марқұм оқиға орнында көз жұмады. Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.