Министр Бейбіт Атамқұлов Ресей ракетасына қатысты мәлімдеді:Экологиялық тұрғыда ешбір қауіп жоқ

Министр Бейбіт Атамқұлов Ресей ракетасына қатысты мәлімдеді:Экологиялық тұрғыда ешбір қауіп жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресей ракетасының қалдығы түсетін аймақтарда экология бұзылмайды, адам өміріне  қауіп жоқ. Тіптен құрамында түрлі қоспалар болса да одан  жан-жануарлар зардап шекпейді екен. Таңғаларлық мәлімдемені  Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Мәжіліс қабырғасында жаңа заң жобасын таныстырған министр тозығы жеткен әскери техника, қару-жарақтардан құтылу жолдарын да тауып қойыпты.

Бүгінгі алқалы жиында әскери саланың біраз қыры сөз болды. «Қорғаныс өнеркәсібі мен қорғаныс саласы бойынша мемлекеттік тапсырыстарды» қамтитын жаңа заң жобасы депуттар назарына ұсынылды. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ең алдымен ескірген әскери техниканы экспортқа шығару жолын тауып қойған. Айтуынша, елімізде тозығы жетіп, қаңтарылып тұрған мыңдаған тонна техникалар жөндеуден өткізілген соң сырт мемлекеттерге сатылады.

«Алғашқы кезеңде Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы күштер заңына өзгерістер енгізу арқылы біздің ведомствоға қолданыста жоқ әскери  мүлікті басқару құқығын беру көзделіп отыр.Екінші кезеңде әскери бөлімдерді аймақтан шығару, мүлікті сақтау жұмыстарын іске асыру жағдайы көрсетілген. Егер, әрине, қажетті қаражат бөлінетін болса», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Жиыннан кейін журналистер ортасында қалған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Ресей ракетеларынан келетін зиянды қалдықтар» жайына жауап берді.Сөзіне сенсек, Қостанай облысының Женгелді ауданын ракета қалдықтары түсетін аймаққа айналдыру мәселесі әлі қаралу үстінде екен. Әрі, қоршаған ортамен жан-жануарға ешбір зиян келмейді. Арнайы сарапшылар толыққанды тексеру жұмыстарын жасаған-мыс.

«Экологиялық тұрғыда ешбір қауіп жоқ. Болашақта егер ракетаны ұшыру шешімі қабылданатын болса, онда 3 жыл ішінде тек 7 зымыран жөнелтіледі. Экологиялық таза керосиндік - оттегі бар жаңа қозғалтқыш қолданылады», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Осы тұста мәжілісмен Жанат Жарасов екінші дүние жүзілік соғысынан қалған әскери қару - жарақтардың мәселесін көтерді. Әрі, заңдық тұрғыда оны жою қаншалықты қарастырылғанын білгісі келді. Айта кетейік, 2001 жылы Қарағанды облысында «Тоқырауын» арсеналындағы снарядтар жарылып, жақын маңды өрт шалған еді. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ.

«Өте дұрыс сауал. Қару-жарақтарды жою мәселесімен Қорғаныс Министрі қарамағындағы «Қазтехнология» мекемесі айналысқан болатын. Құрылым іс жүзінде түк бітірмеді.Оның біздің қарамағымызға өткеніне бір жыл ғана уақыт болды. Енді ол жерде біраз техниканы жаңартып, осы мәселені жіті қолға аламыз», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Заң жобасы негізінде сонымен қатар, қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты осы ведомствоға беру көзделіпті. Құжат бойынша, әскери техникамен елімізді қамту «мемлекеттік сатып алу» жүйесіне ЕЭО аясындағы мемлекеттер де қатыса алады. Десе де, отандық өндірушілерге де қолдау жоғалмайды.


Новости партнеров