Бес мемлекеттің басшысы Каспий теңізін ресми түрде бөліп алды

Бес мемлекеттің басшысы Каспий теңізін ресми түрде бөліп алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен бесінші саммит аяқталды. Ресей, Иран, Түрікменстан, Әзербайжан және Қазақстан президенттері бас қосқан жиында теңіздің құқықтық мәртебесі, 5 ел арасындағы түрлі саладағы қарым-қатынас жан-жақты талқыланды.  

Қазақстан Каспий теңізіне қатысты саммитке ұзақ дайындалды. Бес елдің басшылары келерден бір күн бұрын Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау – эко қала» жобасымен танысты. Батыстағы таза шаһарды салуға 2,1 миллиард доллар шетелдік инвестиция құйылмақ. Содан соң Елбасы Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабын өзі таныстырды.  

«Бүгін біз өте маңызды көлік-логистикалық жобаны іске қосқалы отырмыз. Құрық портындағы мультимодальдық хабтың екінші кезеңінің құрылысы аяқталып, біз соның тойына жиналып отырмыз. Бұл біздің еліміз үшін ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Еуразия үшін, әсіресе бауырлас әрі көрші мемлекеттер үшін маңызды. Яғни Орталық Азиядағы мемлекеттердің барлығы теңізге шығатын ел деңгейіне жетті. Осы орайда, баршамызды бүгінгі салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ақтауға ат басын бұрған төрт елдің басшыларын жеке қарсы алған Нұрсұлтан Назарбаев саммитті «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның» маңыздылығына тоқталумен бастады. Судағы қауіпсіздік, теңіздің қай аумағында балық аулау мен табиғи байлықты сақтау және акваторияны аймақтарға бөлу сынды жағдайларды қамтыған құжатты президенттер бірден қолдады және қол қойысты.

«Конвенцияны бекіте отырып, біз бағыттардың кең шоғыры бойынша теңіз маңы елдерінің ынтымақтастығы үшін тиімді құқықтық базаны құрамыз. Құжатта Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша назар аударылған. Сонымен бірге, тараптардың өз қызметінде негіз болатын ұстанымдарды орындайтыны айқындалған», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Талай жылдардан бері айтылып, бірақ құжатпен бекітілмеген Каспий саммитіндегі конвенция жайында өзге елдің басшылары ой білдірді. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин цифрлық экономикаға, туризмді дамытуға шақырды. Әзербайжан басшысы да әріптестеріне өз алғысын білдірді.

«Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою – тарихи маңыздылыққа ие. Бұл құжатты дайындаудың барлық кезеңінде Әзербайжан тарапы конструктивті түрде жұмыс істеп, өзге де Каспий маңы елдері секілді өз үлесін қосты. Сондықтан аталған маңызды құжатқа қол қою үшін қолайлы жағдай жасаған әріптестеріме алғысымды айтамын», – деді Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам ӘЛИЕВ.


Ортақ келісім аясында бес ел өз территориялық суларын 15 пен 20 теңіз милі енімен бекітті. Ал территориялық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қойылса, осы 10 мильден тыс аумақ ортақ су кеңістігі деп бекітілді. Бестіктің жиынында Каспийдің экологиялық жағдайы да айтылды.

«Каспий экожүйесін сақтау бойынша жұмыста негізгі екпін бекіре тұқымдастарының гендік қорын қорғауға қойылуы тиіс. Әлемдік популяцияның басым бөлігі Каспий теңізінде мекен етеді. Бұл балықтың әлемдік деңгейдегі 90 пайызы – бізде. Соңғы 10 жылда балық саны он есеге азайған. Бұл тұрғыда осы мәселені назарға алу керек», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев самиттен кейін журналистермен кездесіп, барлық шараның тиісті деңгейде өткенін айтты. Елбасы осы ұстанымдардың сақталуы Каспий жағасындағы елдердің көлік инфрақұрылымының дамуына, транзиттік әлеуетінің артуына, сондай-ақ теңіздің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстары популяциясының қорғалуына септігін тигізеді деді.

Ал алтыншы саммит Түрікменстанда өтетін болды.  


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы

Фото: akorda.kz, sputniknews.kz
Новости партнеров