|
17.01.2017 | 09:30
2064

Елбасы Қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Елбасы Қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Бішкек маңында болған әуе апатына қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Көршілес қырғыз елінде болған қайығылы оқиғаға байланысты Алматы тұрғындары да көмек қолын созып жатыр.

Бішкек қаласының «Манас» әуежайының маңында жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат таңғы 7:30-да жүк ұшағы апатқа ұшырады. Соңғы ақпар бойынша, қаза тапқандардың саны 40-қа жетеді. Қырғыз елінің ақпарат порталдарының хабарлауынша, Түрік әуе желісінің Боинг 747-400 жүк ұшағы әуежайдың ұшып-қону жолағынан 1 жарым шақырым жерде сол маңайдағы саяжайға құлаған. Нәтижесінде, 32 үй қираған.

«Үйде отырған кезде жер сілкінгендей әсерде болдық. Дүрс ете қалды. Алғашында шан бұрқырап, кейін ұшақ құлаған жерде өрт тұтанды. Әлі де өзімізге келе алмай отырмыз. Әлі күн шықпаған кез болған соң өрттің күштілігінен айнала жап-жарық болып кетті»,- деді куәгер.

«Сағат 7-нің кезінде тарсылдың дыбысы қатты естілді. Содан кейін маңайдағы үйлердің барлығын жайпап өтті. Барлығы үрейленгеннен үйлерін тастап, сыртқа шыға бастады»,- деді Дача-суу кентінің тұрғыны, Андрей АНДРЕЕВ.

Түрік әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Гонконгтен Ыстамбұлға бағыт алған. Бішкекте аялдап, керосин қоюды жоспарлаған. Апат «Манас» әуежайына қонар кезде орын алыпты.  Ұшқыштар қалың тұманның әсерінен алғаш рет қона алмай, екінші айналымға кеткен. Қырғыз Республикасында қаралы күн жарияланды. Алматылық тұрғындар көрші елге көмек қолын созу үшін арнайы орталықта керек-жарақты қабылдауды бастады.

«Өзіміздің, бауырлас халықтың осындай өте қайғылы жағдайын естіп, осы соңғы уақытта біздің халықтан, мемлекеттен біздің ұйымымыздан қолымыздан келгенше қолдау көрсетейін деп осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Үштен басталып, бір сағат өтті. Халық біраз көмек көрсетіп жатыр»,- деді «Мен алматылықпын» ұйымының мүшесі, Кеңжан АБЕНОВ.

Осы уақытта белгілі болғандай, ұшақтың қара жәшігі табылды. Қазіргі кезде әуежай қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, енді үкіметтен арнайы тағайындалған комиссия тексеріс жүргізеді. Зардап шеккендер мен көз жұмғандардың саны арту мүмкін. Құтқару-іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда

Әнуарбек Жәлел, Ильзат Акчурин, «Алматы» телеарнасы





Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир