800 жауынгер универсиада кезінде ел тыныштығын қамтамасыз етеді

800 жауынгер универсиада кезінде ел тыныштығын қамтамасыз етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

28-ші Қысқы Универсиада ойындарының басталуына 2 аптадан аз уақыт қалды. Осыған орай, Алматыда қауіпсіздік шаралары қатаң жүргізілуде. Қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етуге Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 800-ден аса әскери қызметшілері жұмылдырылмақ. Жауынгерлер соңғы дайындықтарын пысықтады.


Универсиада ойындары кезінде қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге дәл осы сап түзеген сарбаздар ат салысады. Таңнан кешке дейін қала аумағын торуылдап отыруға 800-ден аса жауынгер сақадай сай. Олардың соңғы дайындықтарын Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысы Әлібек Серәлиев қарап шықты.


«Дайындықты тексеру барысында 5571 және 5572 әскери бөлімінің жеке құрамы Универсиада ойындарына дайын екендігіне көз жеткіздім. Біздің алдымызда жауапты, әрі қиын тапсырмалар күтуде. 30 қаңтардан бастап әлемнің әр түкпірінен қонақтарды қарсы алатын боламыз»,- деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, Әлібек СЕРӘЛИЕВ.


Генерал-майор ойын кезінде жеке құрамды тасымалдайтын техника және патруль көліктерін де бақылады. Олардың жалпы саны 100-ден асып жығылады.


«Осының алдында Универсиадаға дайындық кезінде қазан айынан бастап ағылшын тілін оқытуды жүргіздік оны жүргізген өзіміздің Халықаралық университетінің мұғалымдері, магистранттары келіп сабақ өткізді. Сол кісілердің қолдауымен, сол кісілердің көмегімен біз әрбір жауынгерге жадынама дайындадық»,- деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, Ниязтай ӘЛКЕШЕВ.


Дархан Мейілханов әскери борышын өтеуге өткен жылдың көктемінде келген. Ол қоғамдық тәртіпті қадағалап әлемнің әр қиырынан келген туристерге кеңес береді. «Осындай халықаралық жарыста қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе», - дейді сарбаз.


«Шетелдің азаматтары біздерден келіп жөн сұраса, көше басқа да нәрселер. Біздер ағылшынша барлығын айтып бере аламыз»,- деді Сарбаз, Дархан МЕЙІЛХАНОВ.


Жауынгерлерге шет тілінен бөлек, Универсиада ойындары туралы толыққанды ақпараттар берілген. Арнайы стэндтер әзірленіп, күнтізбе де жасалыпты. Әр сарбаздың қолына үш тілде сөз тіркестері жазылған жадынама үлестіріледі. Ұлттық ұлан сарбаздарының мұндай халықаралық жарыста тәжірибесі де бар. Бұған дейін 2011 жылы Азиада ойындары кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ат салысқан.


Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров