Балқашта ғаламтор алаяқтары көбейді

08.02.2018 14:01

Балқашта ғаламтор алаяқтары көбейді. Жыл басынан бері өңірде үш адам құзырлыларға шағым түсірген. Олар виртуалды түрде келісімшарт жасасып, ақша аударғанымен тапсырыс берген тауарын алмапты. Алаяқтар тіпті балқаштықтардан түрлі уәделер беріп 85 мың теңгеге дейін алып жүрген. 

Балқаш тұрғыны Кристина Вализер ғаламтор арқылы тауар алуға енді сақтықпен қарайды. Жақында ол қызына екі қысқы киімге тапсырыс беріпті. Сайттағы киімдердің алуан-түріне қызыққан Кристина сатушымен хабарласып, 32 мың теңгесін аударған. Келесі күні сатушының телефоны өшірулі болса, тұтынушының парақшасы бұғатқа түскен.

«Ақшаны алғаннан кейін, ол тапсырысты жібермеді. Бірақ оның жөнелтілуге дайын екендігін айтты да инстаграмнан мені бұғаттап тастады. Парақшаның атын да «Детский городок», одан соң, «Жеңілдіктер», «Жаппай сатылым» деп өзгертіп отырды. Көмек сұрап ешқайда жүгінбедім. Меніңше оны табу қиынға түседі», - деді ¤Балқаш қаласының тұрғыны Кристина ВАЛИЗЕР.

Бірақ, құзырлы орган өкілдері көмегіне жүгінгендері де бар. Жыл басынан бері алаяқтарға алданған үш тұрғын шағым түсірген. Бірі дәрі алмақ болып, 25 мың теңгесінен айырылса, тағы екі әйел 60 мың және 85 мың төлеп, күшік пен сақина алам деп сан соққан. Ал өткен жылы ғаламтор алаяқтарының арбауына 8 адам түсіпті.

«Ғаламтордағы алаяқтардың арбауына түспес үшін әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамаларға назар аудармауға тырысыңыз. Тегін интернет-порталдары арқылы мүлік саудасына, тауарды сатып аларда алдын ала төлем жасамау керек. Бөтен адамдарға ақша аударудан бас тартыңыз», - деді Балқаш қаласы криминалды полиция бөлімінің басшысы Мақсат МАХМЕТОВ.

Мамандардың айтуынша, ғаламторда оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтарды құрықтау қиынға түседі. Олар үнемі телефоны мен нөмірін ауыстырып отырады екен. Жыл сайын аңғал азаматтардан алаяқтар орта есеппен 15 миллиард теңге алады және бұл деректердің әр үшіншісі ғана ашылады. Айта кетейік былтыр қазақстандықтар  2016-шы жылға қарағанда ғаламтор арқылы сауда-саттыққа төрт есе көп қаражат жұмсаған. 

Азамат Әуезхан, Айдар Тұрар, «Алматы» телеарнасы