Ынтымақ күнін мерекелеуден қала аудандары да қалыс қалмады. Айталық, Алатау ауданында жұрт спорттық жарыстардан бақтарын сынады. Ал Әуезов ауданы басшысы мерекеге жиналғандармен би билеп, түрлі тағамдардан дәм татты.
Алатау ауданында арайлы атқан таңмен бірге бірлік пен достық күнін 8 шақырымға жүгіру және футбол жарыстарымен бастап, кейін мерекелік алаңда аудан ақсақалдары мен тұрғындар жайбарақат билеп, әншілерге қосылып ән салып жатты.
«Мынау Халық стадионымыз. Аудан ашылғанда құрған жеріміз. Мұнда футболдан жарыс өтіп жатыр және концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Сондықтан осы мереке күні алатаулықтардың атынан бүкіл Қазақстандықтарды береке, бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймыз», - деді Алатау ауданының әкімі Бағдат МӘНІЗОРОВ.
Жетісу ауданында этномәдени көрме домбыраның үнімен көмкеріліп, мерекеге жиналған жұртшылыққа түрлі ұлт өкілдерінің төл киімі көрсетілді. Балалар арасында асықтан жарыс өтіп, топ жарғандары марапатталды.
Әуезов ауданында 30 түрлі шатыр орнатылып, әр ұлттың өкілдері ән мен биін, ұлттық тағамын келген қонақтарға ұсынды. Биыл бұл ауданға 45 жыл толып отыр.
«Биылғы жылдың шаралары негізгі акцент ауданымыздың 45 жылдығына орайластырылған. Жылдың басынан бері осыған орай 50-дей шара өткізілді. Жыл соңына дейін жалпы 150 шара болады деген жоспар бар», - деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан ОРАЗАЛИН.
Ынтымақ пен ырыстың, татулық пен достықтың мерекесі Наурызбай ауданында да өз жалғысын тапты. Түрлі ұлт өкілдері өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, өз салт-дәстүрлерін насихаттайтын көрмелер ұйымдастырды.
Әнуарбек Жәлел, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы