|
04.07.2018 | 11:12
1747

Үкімет елімізге шетелдік кәсіби мамандар мен инвесторларды тартуды жалғастыра бермек

Үкімет елімізге шетелдік кәсіби мамандар мен инвесторларды тартуды жалғастыра бермек

Үкімет шетелдік инвесторларға жайлы жағдай жасауды жалғастырады. Бәсекелестік артып, монополияға тосқауыл қойылады. Бұл туралы бүгін «Жаһандық инвестиция бойынша дөңгелек үстел-2018» шарасы барысында  Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Шетелдік әріптестерімен қайта бас қосқан Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруын тілге тиек етті. Ел экономикасына ақша құюға дайын азаматтармен ашық қарым-қатынас орнатып, инфрақұрылымдарды дамыту бағытында инвестициялық климатты жақсарту Үкіметтің стратегиялық бағыты екенін атап өтті.

«Осы күні жұмыс жан-жақты қолға алынған. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша экономикалық өсім 4 пайызды құрады. Шикізат емес өнімдер дамудың үштен екі бөлігін қамтамасыз етті. Яғни, Қазақстан экономикасы көбіне шикізат емес секторға иық артып отыр. Халықаралық «Doing Business» рейтингінде біз 6 бағыт бойынша 36-шы орындамыз»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев, шетелдік кәсіби мамандар жайында әңгіме өрбітті. Әрі жоғары деңгейдегі мамандарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

«Еліміздің көші-қон саясаты өзгеріп келеді. Кезінде жабық едік. Талап та күшті болған. Қазіргі уақытта технология өзгерді, онымен жұмыс жасай білетін жақсы мамандар қажет. Аз уақыт ішінде кадрларды дайындап үлгеру өте қиын. Сондықтан бүгін бізге кәсіби деңгейі жоғары мамандар керек. Оларға есік ашық»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Айта кетейік, Астанада «Жаһандық инвестиция бойынша дөңгелек үстел» шарасы басталды. Алғашқы отырысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ашты. Елде бизнес ортаны қалыптастыруға бағытталған халықаралық жиынға әлемдік деңгейдегі 600-ге жуық ірі компания жетекшілері, отандық бизнес өкілдері, саясаткерлер мен түрлі мамандар қатысуда. Оның ішінде 385-ке жуық азамат Түркия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы келген.

Назым Құлтаева, "Алматы" телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир