«7-20-25»: Алғашқы жарна екі есеге төмендеуі мүмкін

«7-20-25»: Алғашқы жарна екі есеге төмендеуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Баспана» Ипотекалық ұйымы «7-20-25» бағдарламасы бойынша барлық өңірде бастапқы жарнаны арзандату жолдарын қарастырып жатыр. Яғни, жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында әзірленген «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары іске аспақ. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдар халықтың аталған санаты үшін бастапқы жарнаның жартысын субсидиялауға міндеттеледі. Елімізде қанша адам «7-20-25» бағдарламасының шарапатын көріп үлгерді? Аталмыш бағдарламамен баспана алуға қанша уақыт кетеді?

Бірер күн бұрын ғана шымкенттіктер үшін «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарна мөлшері екі есеге азайтылды. Бұл жаңалықты естіген өзге өңір тұрғындары да мұндай жеңілдіктен үміттеніп қалғаны рас. Ал бүгін көптің тілегіне құлақ түрген жауапты ипотекалық ұйым барлық аймақта жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін аталмыш бағдарлама бойынша алғашқы жарнаны төмендетуді ұсынды.  

«Қазіргі таңда барлық әкімдіктерге біздің тарапымыздан өтініштер, бағдарлама механизмдері жіберілді. Әкімдіктер қарап жатыр және өздеріне қажетті саланы таңдап, бізбен жақын арада келісімге отыратын болады. Келісімге отырған соң, пилоттық бағдарламалар жұмысын істей бастайды. Осы пилоттық жоба Алматы қаласында да жұмыс істейді деген үлкен сеніміміз бар», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы байланыс қызметі басшысының орынбасары Айбар ОЛЖАЙ.

«7-20-25» бағдарламасымен үй алғысы келетіндер қатары күн санап артуда. Алайда, Астана қаласында дайын пәтерлер саны сұраныстан аз. Бас қалада құрылысы аяқталған үйлердің тек 12 пайызы ғана аталмыш бағдарлама талабына сай келеді. Сарапшылардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үйге деген сұранысты екі-үш есеге арттырып жіберген. Тиісінше, бос тұрған пәтерлердің бәрі қарқынды түрде сатыла бастады. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама ерекшелігі – тек қана жаңа үйлерді алатын болғандықтан, үйлерді тез салуға мердігерлердің қарқыны жетпей жатыр екен.

«Сондықтан, біз бұл мәселеге сырттан қарап отырған жоқпыз. Біз де әкімдіктерге көмектесуге дайынбыз. Шамамен, 150 млрд теңге бөлуге дайынбыз. Бірақ біздің ойымызша, Алматы қаласының қазіргі «7-20-25» бағдарламасы қатысушыларының тізімін қарайтын болсақ, олардың 38 пайызы – Алматы қаласының тұрғындары. Алматы қаласында алынып жатқан пәтерлер саны ең көп. Сондықтан, қала бағдарламаны іске асыру бойынша 1-ші орында келеді», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы байланыс қызметі басшысының орынбасары Айбар ОЛЖАЙ.  

Алматы қаласы бойынша Наурызбай және Алатау аудандарында бағдарлама белсенді түрде іске асуда. Жалпы, мегаполисте ең арзан пәтерлер Наурызбай және Жетісу аудандарында екен. Ал ең қымбат тұрғын үйлер Медеу, Алмалы және Бостандық аудандарында орналасқан. «7-20-25» бағдарламасы енгелі нарықта эконом кластағы үйлерге сұрыныс күрт артқан.

«Бұл бағдарламаның тиімді тұсы – құрылыс компанияларына белгілі бір карта берді. Алматы, Астанадан үй саласың, бірақ сенің шектеуің – 20-25 млн теңге. Басқа қалаларда салсаң, «эконом» үйлер – 15 млн теңге. Енді құрылыс компанияларына жер алған кезде, «эконом» пәтерлердің бюджетін осы соманың айналасында жасайды. Бұрынғыдай аптығып-асығып жасамайды», – деді Қазақстан Біріккен риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Орынбасар САТАЕВ.

«7-20-25» бағдарламасы іске асқан екі ай ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар. Тұрғындар тарапынан 24 млрд теңге несие алуға ұсыныс келіп түскен. Банктер соның ішінен 16 млрд теңгенің несиесін мақұлдапты. Яғни, осы уақытқа дейін  2000-ға жуық адам баспаналы болған.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша құжаттарды жинағаннан бастап, үйді алғанға дейін шамамен, 2 аптадай уақыт кетеді. Бұл өтінім берген адамға және әр банктің талаптарына байланысты», – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының атқарушы директоры Дана ҚҰРМАНИЯРОВА.

Жақын арада «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасы еліміздің барлық облысында арзандайтын болса, талай жанның арманы орындалып, баспаналы болмақ. Дегенмен, сұраныс артқан сайын пәтер бағасы да артуы мүмкін дейді сарапшылар.

Тоғжан Аман, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

 


Новости партнеров