Иран жұртына Париж бен Брюссельде тұратын қандастары қолдау көрсетті

Иран жұртына Париж бен Брюссельде тұратын қандастары қолдау көрсетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Иранда өретүрегелген жұртқа Париж және Брюссельде тұратын қандастары да қолдау көрсетті. Олар парсы елшілігі орналасқан ғимарат маңында наразылық шеруін өткізіп, дінбасылар басқаратын топтың биліктен дереу кетуін талап етіп отыр. Айтуларынша, бейбіт тұрғындарды қынадай қырып жатқан "жауыздардың" ел басқаруға ешқандай құқылары жоқ. Қаперге салайық, соңғы рет Иранда мұндай текетірес осыдан 10 жыл бұрын орын алған еді. Қазіргі қақтығыстан 20-дан астам  адам қаза тауып, тағы бірнеше тұрғын жарақат алған. Иран басшылығы елдегі бүлікті сыртқы күштер ұйымдастырып жатыр деп мәлімдеді. Алайда, наразы топ биліктің бұл мәлімдемесімен мүлдем келіспейді. 

«Көтеріліс Иранның ішінде болды. Оған сыртқы күштердің араласуы мүмкін емес. Біз биліктің мұндай мәлімдемесіне сенбейміз. Қақатығысты өз ойларын ашық білдіріп жатқан бауырларымызға біз қолдау көрсетуге дайынбыз»,-деді Иранға қарсы ұлттық кеңес мүшесі, Афчин АЛАВИ.

Әу баста наразы топ шатқаяқтаған экономиканы желеу етіп, алаңдарға шыққан еді. Кейін, қозғалыс саяси сипат алып, үлкен дүрдараздыққа ұласты. Осы тұста, Біріккен ұлттан ұйымы мен ЕуроОдақ бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп жатқандарын ресми түрде мәлімдеп, Иран билігінен бүлікті дереу тоқтатуға шақырды.

«Жоғарғы комиссар Ирандағы қақтығыстан 20-дан астам адамның көз жұмғанына алаңдап отыр. Сондықтан, келеңсіз жайтты бейбіт жолмен шешуге шақырды. Бастысы - наразы топтың тілін табу керек»,-деді БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының спикері, Элизабет ТРОССЕЛЛ. 

«Еуроодақ адам құқықтарын жоғары қояды. Кез келген адам өз ойын ашық білдіріп, бейбіт шеруге шыға алады. Сондықтан оларға қарсы күш қолдануды құптамаймыз»,-деді Еурокомиссия спикері, Мина АНДРЕЕВА.

Соңғы деректер бойынша, ел астанасы Тегеранның өзінде 450 адам тұтқындалған екен. Олардың кейбірі өлім жазасына кесілуі мүмкін.

  

Новости партнеров