Ауа райының шәлкез мінезінен Ыстамбұл әуежайында қалып қойған отандастарымызды Қазақстанға қайтару әлі де жалғасуда. Түркиядан келуі тиіс туристер тұрақты ұшып жатқан рейстерге бөлінген. Осы түнде отандастарымыз мінген 3 әуе кемесі елімізге ұшып келді. Олар «Пегасус», «Эйр Астана» және «Туркиш эйрлайнс» әуе компаниялары. Ауа райының тосын мінезіне байланысты демалыстары бұзылған отандастарымыз ұшақтан шаршаңқы жүзбен түсті. Олар әуежайда ине шаншыр жер болмаса да, жерге жатуға мәжбүр болғандықтарын айтты. Ал, өзге жолаушыларды тасымалдайтын кезекті рейс бүгін ұшады деп күтілуде. Айта кетсек, соңғы екі күнде ата түрік елінен 700-ге жуық жолаушы Қазақстанға оралған. Алайда, Стамбұлда әлі елге қайта алмай отырған отандастарымыз бар екен. Сыртқы істер министрлігі олардың саны нақты қанша екенін дөп басып айта алмай отыр.
«Бастапқы кезде 9-ы күні билет алдым, сол күні қар, боран болып келе алмай қалдық. Билеттердің барлығын кері берген жоқ, бірақ ауыстырып бергенге мүмкіндік берді. Сол себептен де, әуежайда қалуға мәжбүрлік таныттық. Кейінгі 11-і күні ауыстырған билетімізді қайтадан 10-шы күнге ауыстырып, келіп тұрған түріміз осы», - деді Ермек АЛМАХАНОВ.
«Үйлеріне ұша алмаған халық өте көп болды. Сондықтан қонақүйлерде орын жоқ деп бізге қонақүй бермеді. Ал, қонақүйге орналысқысы келгендер ұзын-сонар кезекке тұрып әуре болды. Сондықтан әуежайда жерге жатып ұйықтауға мәжбүр болдық», - деді Ислам ДУЛАЕВ.