Елімізде тондардың құны қымбаттайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ішіктердің құны қымбаттайды. Өйткені, көктемнен бастап Қазақстанда арнайы кодпен таңбаланбаған тондарды сатуға жаппай тыйым салынады. Тон-ішікке міндетті түрде тігілетін чипті кәсіпкерлер өз қаражатына сатып алуға әрі оны тіркетуге тиісті. Сондықтан бағалы киім құнын өсіруге мәжбүрміз, дейді саудагерлер. Өйткені, нарықта сатылатын құндыз тондардың басым бөлігі - импорт. Ал салықшылар заңға енген мұндай жаңашылдықтың тұтынушылар үшін тиімді екенін алға тартуда. Ал "чип бағаға әсер етпейді", - дейді. 

Бұдан былай қазақстандық тұтынушылар да, ресейліктер сынды сатып алатын тондарын осындай арнайы чиптің көмегімен тексеріп алады. Жеке сәйкестендіру кодында ішіктің қандай теріден және қашан тігілгендігі, өндірген мемлекеті мен жеткізуші жөнінде барлық ақпарат жазылады. Мұндай жаңашылдық, қоянды құндыз деп алдап, халықтың ақшасын қаққан саудагерлердің жолын кесетін көрінеді.

«Нарықтан көлеңкелі жолмен сауда жасап жүрген көптеген кәсіпкерлер кетеді. Олар көбінесе жақсылап өңделген арзан жүннен жасалған ішікті, қарапайым адамдарға алдап сатып жатады. Енді әрбір тонға жеке код жасалынса, тұтынушылар өзі сатып алып жатқан тауардың сапалы екеніне сенімді болады. Меніңше, бұл өте ыңғайлы. Әсіресе, заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін тиімді», - деді кәсіпкер Алексей ТРУМКИН.

Елімізде бұған дейін тек пилоттық түрде жүзеге асқан жоба ақпан айынан бастап заңды күшіне енді. Қазір салықшылар кәсіпкерлерге сырттан әкелген ішіктерін мынадай Қазақстандық чиппен түгелдей таңбалап алуға қосымша уақыт беріп отыр. Ал көктемнен бастап жеке коды жоқ тондарды сатуға жаппай тыйым салады. Бұған көнбегендеріне жауапты орган айыппұл арқалатып, тондарын тәркілемек. Бұл әуелі көлеңкелі импортты жойып, салық түсімін арттыруға септеспек. Бастысы - тұтынушыларды контрафактілік тауар мен алаяқтардың арбауынан қорғайтын көрінеді.

«Үкіметке қай жағынан ыңғайлы болатын болса, бұл келген тауарлардың барлығы өз салығын төлеп, кедендік төлемдерді төлегеннен кейін әрине бюджетке түсім де көп болады. Қазір сұрақтар туындап жатыр, кейбіреулерге бұл өте тиімсіз, бағасы қымбаттап кетуі мүмкін. Енді бұл жерде біздің тарапымыздан келіп айтатын болсақ, таңба 500 теңге. Алып келуің бар, қондыруың бар, системаға енгізуің бар 500 теңге. Ол тонның бағасына ешқандай әсерін етпейді», - деді Алматы қаласы МКД түсіндіру басқармасының басшысы Заңғар ШЫНДАЛИ.

Десе де, саудагерлер жаңа талап онсыз да арзан тұрмайтын сырт киімдердің құнын шарықтатып жіберетінін алға тартуда. Айтуларынша, Алматының базарында бағалы сырт киім сатушылардың көбі, тіпті бұл бизнестен кетуге бекініп отыр. Өйткені, бір дана ішікке чип орнату үшін өз қалталарынан 500 теңге төлесе, оны тіркеп, кедендік рәсімдеуіне қосымша шығындалады-мыс.

Айта кетсек, барлық аң терісінен тігілген тондарға чип орнату тек кәсіпкерлерге ғана міндеттеледі.  Ал бағалы сырт киімді шетелден өзі үшін әкелген тұтынушыларға жеке код орнатудың қажеті жоқ. Демек, жеке тұлға өзі үшін ел аумағына чипсіз тек 2-3 сырт киім ғана алып келе алады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров