Прокуратура қызметкерлері халыққа түсінікті тілмен жазуды үйренбек

01.06.2017 16:04

Прокуратура қызметкерлері халыққа түсінікті тілмен жазуды үйренбек. Бұл туралы еліміздің бас прокуроры мәлімдеді. Мәжілістің жалпы отырысында өткен жиында аталмыш орган жұмысының кемшіліктері тілге тиек етілді. Жақып Асановтың айтуынша, халық заңның оң-солын білмей жатады. Демек, ақпар аз, насихат жетіспейді. Сол себептен түрлі жайттардың құрбаны болатын жағдай жиі кездеседі. Сонымен қатар, прокуратураның заң бойынша нақты атқаратын құзіреті белгіленбеген. Сол себепті, аталмыш орган әр жерге басын сұғады, тексереді. Бұл заң бойынша реттелу керек дейді бас прокурор.

«Біз енді жай орган емеспіз. Конституциялық статусымыз бар. Ал енді осындай құрылымда нақты стратегия болмаса, бір белігілі мақсат, миссия болмаса одан не кутуге болады? Біз қызметкерлерге дәл мақсат көрсетпесек, олар қай жаққа ұмтылады? Біздің заңда нақты прокуратураның құзыреті айқындалмаған. Иә, ауқым жоқ, иә шек жоқ», - деді ҚР Бас прокуроры Жақып АСАНОВ.

Мәжіліс отырысында сонымен қатар, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі заң жобасы мақұлданды. Елбасының өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы біраз жұмыс атқарыпты. Яғни, енген өзгеріске сәйкес әлеуметтік-экономикалық салаларды реттеу Үкіметке жүктеледі. Әрі сот жүйесінде судьяларға куәлікті беру тәртібін енді Жоғарғы сот кеңесі өз құзырына алмақ.  

«Үкіметке Президеттің келесі өкілеттіктерін беру ұсынылады. Республикалық бюджет комиссиясын құру және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасау, ұсыну тәртібін айқындау. Сонымен бірге Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың стратегиялық жоспарларын бекіту бойынша Президенттің құқығын белгілеу ұсынылады», - деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.