Алматы қаласы Астананың 20-жылдық мерейтойына ерекше тарту жасады. Бүгін, 240 балаға арналған «Алматы» балабақшасы ашылды. Он екі топты емін-еркін сыйдыратын нысанда кішкентайлардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған музыкалық зал, ойын алаңдары бар. Барлығы қазақы нақышта көркемделген.
Астанның сол жағалауындағы су-жаңа «Алматы» балабақшасына қазірден бастап ұл-қызын берем дегендер көп. Біріншіден, «Есіл» ауданына қарасты Алматы мен Сауран көшесінің қиылысында мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған 8 үйде 15 мың халық тұрады. Сондықтан жақын маңдағы 4 мектепке дейінгі мекемедегі бүлдіршіндер саны көп. Екіншіден, Оңтүстік астананың тартуы - «Алматы» балабақшасы заманауи, өзгелерден айырмашылығы көзге бірден көрінеді. Қасбеті - оюлы, қазақы нақышта жасалған бөбекжайдың сәулеті де ерекшеұ. Ал ойын алаңдары киіз үй формасында жасалған.
«Ал, жақсы. Құтты болсын! Балаларға жағдай жасап жатырмыз. Астанада баланың көбеюі өте жақсы. Қаламыз жастардың қаласы. Орташа жасы -35-тен аспайды. Сондықтан осындай жасөспірімдер көбейе берсін»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Балабақшаның жалпы аумағы - 1 гектардан артық. Қысы - жазы адамның жүруіне ыңғайлы бетон мен асфальт аралас жол да салынған. Өзіндік жасыл белдеуі де жоқ емес. Астананың ауа-райына шыдайтын 34 - Сібір шыршасы, 21- қарағай, 26 - алма ағашы отырғызылған. Аулаға биіктігі сегіз метрлік электр бағандары қойылған. Таза қазақ тіліндегі балабақшада 240 бала тәрбиленетін болады.
«Біздің балабақшада 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. 240 балаға арналған. 12 топ бар. Таза қазақ балабақшасы. Қазақ балабақшасы болғанымен, бүлдіршіндеріміз қазақ, орыс ағылшын біліп шығады. Осы айналадағы, біздің жанымыздағы барлық үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынған. Сондықтанда бұл жерде балабақшаға тапшылық басымды»,-деді «Алматы» балабақшасының меңгерушісі Айжан СМАҚОВА.
Тағы бір ерекшелік бөбекжайдағы оқу бағдарламасына Ұлттық ойынының әдістемесі енгізіліпті. Бұл бастама Алматыдағы балабақшалардың 70 пайызында бар.
«Рухани Жаңғыру бағдарламасының аясында асықтың жаңа әдістемесін қарастырып, ойындарын жаңартып, пайдаланайық деп отырмыз. Бұның ерекшелігі - баланың ой-өрісінің дамуына және миды шынықтырады. Екіншіден бұл жүйріктілікке, мергендікке үйретеді»,-деді «Алматы» балабақшасының меңгерушісі Айжан СМАҚОВА.
Сондай-ақ бүлдіршіндер Оңтүстік астананың тарихымен ерте бастан таныса алады. Мәселен, 12 топтағы жайылған кілемдерге ең танымал деген көше мен даңғылдардың есімі жазылған. Топтардың атауы да «Алатау», «Медеу», «Шымбұлақ», «Көктөбе», «Есентай» мен «Алма Арасан», «Тау самалы», «Үш қоныр», «Алмалы», «Жетісу» және «Апорт» сондай-ақ «Алтын адам» деп бөлінеді. Ал балақайлар әдебиетке жақын болуы үшін «Алматы Кітап» ұлттық сипаттағы әдеби шығармалар мен ойыншықтарды тарту еткен.
Нұржан Садырбай, "Алматы" телеарнасы