Ресми статистикадағы көрсетілген тауарлар бағасы дүкендегімен сәйкес келмейді. Сондықтан халық бұл деректерге сенбейді. Осындай сыни көзқарасын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік статистикаға қатысты заң жобасын қабылдау кезінде білдірді. Жаңа маусымның алғашқы пленарлық отырысында тағы қандай мәселелер айтылды?
Мәжіліс осы маусымда Президент тапсырмасымен маңызды саналатын 50-ден астам заң жобасын қарастырады. Оның алғашқысы – Мемлекеттік статистикаға арналды. Ұлттық Экономика министрі Тимур Сүлейменов бірнеше шетелдің тәжірибесін қамтыған, мемлекеттік статистиканы ашық түрде әрі жылдам жинауға ықпал ететін құжатқа кеңірек тоқталды. Кейін министрден депутаттар дүкен сөрелері мен бағаның ресми статистикасы неліктен сәйкес келмейтінін сұрады. Ал Нұрлан Нығматуллин халық ол көрсеткішке сенбейді деді.
«Ел тұрғыны тұтынушылық баға деңгейі туралы сіздердің ресми статистикалық мәліметтеріңізді естиді. Осыдан кейін ол дүкенге келіп, ондағы тауарлардың бағасы мүлдем басқа деңгейде екенін көреді. Әрине, сіздер орташа есеппен есептейсіздер, бұл есептеулер күрделі әдіснамаға негізделген. Осыдан мемлекеттік статистика деректеріне қатысты сенімсіздік туындайды. Сіздердің мамандарыңызға мұндай теңгерімсіздікті болдырмаудың қадамдарын пысықтау қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Шенеуніктер келесі жылы өтетін халық санағына дайын болмай шықты. Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Дарын Тұяқовтан халық қалаулысы Мұрат Теміржанов Ұлттық халық санағына дейін шалғай елді мекендер телефон байланысымен жүз пайыз қамтамасыз етіле ме деген сауал қойды. Абдырап, толыққанды жауап бере алмаған вице-министрге Мәжіліс төрағасы батылырақ болуға шақырды.
«Санақ жүргізу уақытына дейін барлық елді мекенді жүз пайыз қамтамасыз етіп үлгермейтін шығармыз. Бірақ басым бөлігі қосылады», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын ТҰЯҚОВ.
Елімізде соңғы санақ 2008 жылы өткен болатын. Бұл жолғы іс-шарада тіркеушілер қағазға емес, арнайы планшеттер арқылы адам санын анықтайды. Осылайша 1,5 миллиард теңгені үнемдемек. Жалпы, санаққа 8,8 миллиард теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, пленарлық отырыста халықаралық азаматтық авиация жайы сөз болды. Енді әуе кемесінде төбелес шығарған, мүлікті бұзған, ұшуға кедергі жасап, тыйым салынған заттарды тасымалдаған жолаушыларды жазалау шаралары күшейтілуі мүмкін. Бірақ қандай шаралар қабылданатыны әзірге нақты айтылған жоқ.
Сондай-ақ, әуе кемесінде темекі шеккендерге де қатаң жаза қолданылады. Қазіргі уақытта әке кемесіндегі темекі тартқандар 15 тәулікке қамалып, 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана