Қажыға баратын жолаушыларға менингококк жұқпасына қарсы вакцина егіледі

05.06.2018 22:41

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде менингит мәселесіне қатысты брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Төрт айдың нәтижесі бойынша, бізде бір ғана менингококк жұқпасын жұқтыру жағдайы тіркелді. 19 жастағы студент қаңтарда ауырған. Уақтылы дәрігерлерге қаралып, артынан сауыққан, ауруханадан да өте жақсы халде шықты. Биыл өткен жылмен салыстырғанда бізде аурудың өршуі болған жоқ. Алдыңғы жылы да бір ғана жағдай болған. Барлығы қалыпты, қайта ауырғандар жоқ. Облыста менингококк жұқпасының алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр», - деді Жамбыл облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқымбеков.


Сондай-ақ департамент басшысы қалай аурудың адын алу керектігін айтып өтті.


«Аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, шынығу, иммунитетті күшейтіп, науқастармен байланысқа түсуден аулақ болу және адамдар көп жиналатын жерлерге бармау маңызды. Ғимараттардың ішін жиі-жиі желдетіп, тазалап отыру керек. Таза ауада, күннің астында көбірек жүрген жөн. Созылмалы аурулары бар адамдар міндетті түрде алдын ала дәрігерлерге қаралулары керек. Еш уақытта өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды, алғашқы белгілері пайда болған бойда ауруханаға барған жөн. Неғұрлым жылдам дәрігердің көмегіне жүгінсе, соғұрлым емі де оң болмақ», - деді Берік Жарқымбеков.


Б.Жарқымбековтің айтуынша, менингитке қарсы жоспарлы түрде вакциналау жүргізілмейді, себебі ол Үкіметтің қаулысымен бекітілген Ұлттық екпелер тізіміне кірмейді. Вакциналау тек Сауд Арабиясына қажылыққа аттанатын адамдар үшін қажет. Облыста қажылыққа аттанушыларға 8 маусымнан бастап №1 қалалық ауруханада вакцина егілетін болады.