Менингококк инфекциясының таралауынан туған ахуал әлі де күн тәртібінде. Бүгін премьер-министр Денсаулық сақтау министріне вакцина бағасын шұғыл түрде төмендетуді тапсырды. Әрі ведомствоның шұғыл әрекет қолданбай жатқанын сынады. Министрлер кабинеті не істеу керектігін талқылап жатқан уақытта, өңірлердегі ауруханадарда менингит диагнозына күдікті басқа науқастар тіркеліп жатыр. Ал Талдықорғанда 17 жастағы студенттің осы дерттен көз жұмғаны расталды.
«Менингит» ауруының аз уақыт ішінде талай адамның өмірін жалмауы биліктегілердің де назарын аударды. Жыл сайын кездесетін жағдай деп немкетті көзқарас танытқан Денсаулық сақтау министрі бүгінгі жиында алдымен Бақытжан Сағынтаевтың алдында есеп берді. Іс-насырға шаппас үшін, тіпті Үкіметтен қолдау сұрағандай болды. Сонымен қатар Талдықорғанда аталмыш жұқпалы құрт ауруынан көз жұмған 17 жастағы студенттің жағдайына байланысты іссапарға баратынын айтты.
Жоспарға сәйкес, жүргізіліп жатқан іс-шаралар тиімділігін бағалау мақсатында бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысына іссапарға шығуды жоспарлап отырмын. Іссапар қорытындысы бойынша, қажет болған жағдайда қабылданатын шараларға өзгерістер енеді».
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, облыс әкімдеріне, денсаулық сақтау басқармаларының өңірлік штабтарының тиісті жұмысын және бекітілген республикалық штабтың жоспарын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етуді сұраймын»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Премьер-министр айтылған сандарды зерделеп, алдын-алу шараларының кешеуілдеп жатқанына таң қалды. Себебі, бұл бірінші емес, бірнеше жыл бойы қайталанып келе жатқан жағдай. Дүрбелең тудырмас үшін, вакцина бағасын барынша төмендетіңдер деді.
«Вакцинаны өз еркімен алу, егу мәселесі де халық арасында күннен-күнге көтеріліп келе жатыр. Бағасы өте қымбат. Бір облыста 40 мың, бір облыста 20 мың тұрады. Осындай жағдай боп жатқанда министрліктер, құрметті әкім мырзалар, сіздер де бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, бағасын түсіру керек. Мынадай болып жатқан жағдайда. Паника жасамау керек»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ
Елжан Біртановты осы тұста Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевта шұғыл шараны қолға алмағаны үшін қатты сынға алған болатын. Бақытжан Сағынтаев қоғамдық талқыға түскен бұл мәселе жергілікті әкімдіктердің бақылауында болуы тиіс екенін баса айтты.
«Мұндай мәселелерді жылдам шешу керек қой, Елжан Амантайұлы. Кеше оқып отырмыз, Талғардан Қаскеленге дейін екі сағат. Ал анасы баласын үш сағатта жоғалттым деп отыр. Талғардан Қаскеленге жеткенше қай заман? Неге осындай мәселелерді жедел түрде бұйрықтарыңызды беріп, шешім шығармайсыздар? Әкімдердің шешімі болса, әкімдерге айту керек, мұндай жағдайларда барлық ауруханаға тапсырма берсін, осы инфекциямен келген науқастың бәрін бірден қабылдасын»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Үкіметтен тыс кездесу өткізген Жандарбек Бекшин бүгін жаңа ақпараттармен бөлісті. Тіпті, Алматыға жеткізілген 4600 екпе дәрі қарапайым халыққа емес, үлкен және шағын қажылыққа баратындарға арналғанын айтты. Өйткені, ел азаматтарының біразы тамызда құлшылыққа аттанбақ. Осыған орай, жеке емханаларда вакцина бағасы 22500 теңгеден түспей тұрған көрінеді. Кей аймақтарда дәрінің бағасы 40 000 теңгеге көтеріліп кеткен. Ақпарға сенсек, мемлекеттік мекемелерде ем-дом бағасы орта есеппен 17500 теңгені құрауы тиіс.
«Оларда екпе жасайтын кабинеттер болғандықтан шығындарды қысқартуға мүмкіндік бар. Яғни, шприц пен мақта шығыны қосылып, үстеме бағасы азаяды. Бірінші партияны жеке ұйымдар сатып алғаннан және олар тапшылықты пайдаланып бағаны өздері қойып отыр. Ал вакцинаның өзіндік құны 17500 теңгені құрайды»,-деді ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.
Бас санитар дәрігер менингит жұқпасының қайдан пайда болғанын анықтау үшін үш апта уақыт қажет дейді. Өйткені, елімізде көші-қон процесі өте жоғары. Бұл дерттің жиі өлімге алып келетін түрі «А» типі көрінеді. Алматыда балалар өлімі тіркелген медициналық орындарда қатаң тексеруден өтпек. Дер кезінде көмек көрсетпеген орталықтар лицензиясынан айырылуы мүмкін. Айта кетейін еліміз бойынша, 58 адамнан инфекция анықталған. 14 жасқа дейінгі балалар саны 21. 13 адам дерттен айыға алмады. Инфекцияны жұқтырған адамдармен байланысқа түскен 4 мың 136 адам бүгіндері ем қабылдауда. Қазіргі таңда ауру дендеген қалаларда арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан