Астананың Ішкі істер департаментіне тергеушілер, анықтаушылар, жедел уәкіл инспекторы мен полицейлер жетіспейді. Осы орайда құзырлы орган өкілдері маңызды қызметке сай болатын үміткерлерді қабылдады.
Қызметке енді келгендерді ведомство жан-жақты қолдамақ. Ол түсінікті де. Өйткені, түрлі қызметке 200-ден астам бос орын бар.
Әскерден енді оралған 20 жастағы Олжас Құрманбекұлы ел тыныштығын күзеткісі келеді. Сондықтан Астанада тәртіп сақшылары жетіспейді деген хабарды ести салысымен, жергілікті полицейлер ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесіне келді. Олжастың ағасы да полицей қызметінде. Ал өзінің арманы – тергеуші болу.
«Ішкі істер органдарына істегім келеді. Осы органдарға бұрыннан кіргім келетін. Кішкентай кезімнен арманым – Отанымды қорғау. Өзім де жақында әскерден келдім. Тергеуші болсам деймін. Жаңа «тергеуші немесе жол патрулінің қайсысын таңдайсың" деп сұрағанда тергеуші болсам деп жауап бердім», – дейді Олжас ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ.
Жаңа мамандарды тарту шарасы енді әр апта сайын өтпек. Бұл жолы құзырлы орган қызметкерлерінің қатарына қосылуға 50 үміткер келді. Ішкі істер департаментінің өкілдері араларынан талапқа сай келетіндерін, яғни жасы 35-ке жетпеген, бойы 170 сантиметрден кем емес, әскери борышын өтегендерді таңдап алды. Енді қызметке үміттілер заңды білетінін дәлелдейтін сертификат алуы керек. Ол үшін арнайы сынақ тапсырады.
«Сертификат алып келгеннен кейін дене шынықтыру және заңнамаларды білу сияқты талап-шарттардан өтсе, ішкі істер қызметіне қабылданады», – деді Астана қаласының Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Ішкі істер министрлігі жанында курсанттарды дайындайтын академия бола тұра, құзырлы орган қызметкерлерінің жетіспей жатқандығы заңды сұрақ. Әйтсе де, мұны сала өкілдері ондай байламға жүйеге роформа қажеттілігімен байланыстырады. Бір ғана Астананың өзіндегі Ішкі істер департаментіне жыл басынан бері жол қозғалысын қадағалайтын патруль қызметі, жергілікті полиция және тергеуші, сондай-ақ, анықтаушы қызметтеріне 200 адам жетіспейді екен.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана