«Қара жауын» Теміртау тұрғындарының зәре-құтын ұшырды

«Қара жауын» Теміртау тұрғындарының зәре-құтын ұшырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғаттың кезекті тосын құбылысы Теміртау тұрғындарының зәре-құтын ұшырды. Бұған дейін қаңтарда қара түсті қар жауса, енді қара жаңбыр жауды. Жергілікті халық қаланың экологиялық ахуалы нашар деп дабыл қағуда. Әлеуметтік желіде пайда болған кезекті бейнеде тұрғын киімге түскен жауын тамшылары кетпейтінін алға тартады.

Әлеуметтік желіде бұл бейне бірнеше күн бұрын шықты. Видео кейіпкері қандай да бір сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, қаланың өзге тұрғындары да бұл жайтқа алаңдаулы.

Экологтар бұл құбылыстың екі себебі болуы мүмкін дейді. Біріншісі, жаңбыр тамшылары атмосфераның нашарлағанынан ластанған, екіншіден, бұлттар ондай қоспаларды алыс жерлерден алып келген. Сарапшылар қаңтар айында жауған қара қарға қолайсыз ауа райы мен қала маңындағы кәсіпорын мұржаларынан шыққан өндіріс қалдықтары себеп болды деген.  Арнайы құрылған жұмыс тобы ауаның 77 пайызын металлургиялық комбинат ластағанын айтқан еді. Экологтардың айтуынша, жыл сайын облыстағы кәсіпорындар қоршаған ортаға тигізген залалға 13 миллиард теңге төлейді. Ал экологияны жақсартуға бұл соманың бірнеше пайызы ғана жұмсалатынын алға тартты. 

«Қазір бұл қаржы тиісті деңгейде жұмсалмайды. Аталған қаражат көлемі бізде емес, негізінде шетелде белгіленген. Басты мақсат - өндіріс орындарына көп көлемде экологиялық төлемдерді төлеткенше, қажетті құрылымдарды орнатудың тиімді екенін көрсету. Ал біздің кәсіпорындар арнайы технологияларды орнатқанша, экологиялық төлемдерді төлегенді жөн санайды. Аталған қаражат тек бюджетті толтырудың амалы, ол қоршаған ортаны қорғауға жұмсалмайды», - деді эколог Дмитрий КАЛМЫКОВ.

Эколог Дмитрий Калмыковтың сөзінше, шетелде «Арселормиттал» сынды кәсіпорын мұржасынан түтін шықпайды. Осы мәселелер өзгертілмейінше, тұрғындардың денсаулығын қатерге тіге береміз, дейді.


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров