Қазақстан Қытайға қой етін экспорттамақ. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылық министрлігі Қытай Халық Республикасының сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі Бас басқармасымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Негізігі әңгіме қой етін кедергісіз тасымалдау бойынша әкімшілік және ветеринарлық талаптар төңірегінде. Қытай тарапы осы жылдың 20 наурызында еліміздің 9 облысынан мұздатылған қой етін импорттауға ресми шешім қабылдағанын жариялаған.
«ҚХР 2017 жылы Қазақстанның 5 кәсіпорнына инспекция жасалып, олар ҚХР реестріне енгізілген. Бүгінгі күні мұздатылған қой еті бойынша Қазақстанның 9 облысынан 5 кәсіпорын арқылы Қытайға қойдың мұздатылған етін эскпорттауға жол ашылды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын ҚАБДОЛДАНОВ.
Естеріңізде болса, өткен жылы Атырау облысында мал нодулярлық дерматит індетіне шалдыққаннан кейін көршілес Қытай ет экспортын тоқтатып тастаған болатын. Сондай-ақ алдағы сәуір айында аспан асты елінің делегациясы қазақстандық өндіріс орындарына рапс күнжарасы мен жоңышқаны экспорттау үшін фитосанитарлық талаптарды оңтайландыру үшін іс-сапармен келуі жоспарланып жатыр.